«Самұрық-Қазынаның» сатып алуларын бірыңғай ереже бойынша жүргіземіз - Премьер-Министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бір аптаның ішінде "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларына қатысты бірыңғай ережелерді әзірлеуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самұрық-Қазынаның» сатып алуларын бірыңғай ереже бойынша жүргіземіз - Премьер-Министр

"Мен бұрынғы қызметте "Атамекенмен" бірге "Самұрық-Қазына" қорының сатып алулары бойынша екі жылдай жұмыс істедім. Өмірзақ Естайұлы ("Самұрық-Қазынаның" басшысы - авт.), ол жақта,  сізде "Самұрық-контракт" деген компанияның бар екенін жақсы білесіз. Енді, сатып алулар мәселесіне келгенде ұлттық компаниялар тарапынан үлкен қарсылыққа тап боласың, кәдімгідей қасарысып отырып алады, ылғи бір нәрсені ойлап табады. Жоғары басшылыққа сілтеп, бір ереже мен инструкция бар деп, ақталып отырады. Маған үнемі бір қағазды көрсететін. Сөйтіп, дауласып жатқанда бір жыл да өте шығатын еді", - дейді Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде "Самұрық-Қазына" қорына кіретін ұлттық компаниялардың сатып алулары бөлек заңмен реттеледі. "Бұл салада бірыңғай саясат жоқ. Бір жерде заңмен реттелсе, басқа компаниялар ішкі ережелерге сүйенеді. Осы жүйені түбегейлі өзгерту керек. Бір аптаның ішінде осы санаттағы компаниялардың сатып алуларына қатысты ортақ ережелер әзірленуі тиіс. Осы жұмыс барысында квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын ашық әрі қолжетімді етуге баса назар аудару қажет. Оны қысқа уақыттың ішінде жасаудың қажеттілігі неде? Өйткені жақын арада сатып алулар науқаны басталады. Қазір барлық қағаздар мен ережелерді ақтарып шыққанша, бір жыл өте шығады. Сосын тағы келесі жылға қаламыз. Сондықтан ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қаржы министрлігі тиісті заң жобасын әзірлеуі тиіс. Ол сатып алуларды бірыңғай электронды форматқа ауыстыру қажет. Ал отандық кәсіпкерлердің оған емін-еркін қатысқаны жөн",- деп атап көрсетті Премьер-Министр.