«Самұрық-Қазынаның» таза табысы 809 млрд теңгені құрады
6 айдың қорытындысы бойынша таза табыс 809 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,5 есеге артық. Ал, жоспар бойынша таза табыс 217 млрд теңге болады деп болжанған. Бұл туралы брифингте «Самұрық-Қазына» Қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева мәлімдеді.
Компаниялар тобының операциялық кірісі 2021 ж. қаңтар-маусым аралығында 817 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарлы межеден 456 млрд теңгеге артық.
Алдын ала бағалау бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық таза табыс 1,195 млрд теңге болады деп болжануда. Яғни, пандемияға дейінгі 2019 жылдың көрсеткіштеріне жуық және 2020 жылдың нәтижелерінен екі есе артық.
Қаржылық көрсеткіштердің оңалуына мұнай бағасының орташа есеппен барреліне 67$ дейін өсуі, мұнай өңдеу көлемінің 13%-ға ұлғайуы, электқуатын өндіру мен тасымалдау көлемінің 22% және 20%-ға артуы, жүк тасымалының 3% арта түсуі және контейнерлік транзиттің 32% ұлғайуы ықпалын тигізген.
Биылғы жылы жолаушылар тасымалында да көрсеткіштердің жақсарып келе жатқаны байқалып отыр. Темір жолмен жолаушылар тасымалдау 46% арта түсті. AirAstana мен Qazaq Air 8 айдың қорытындысы бойынша былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есе көп жолаушы тасымалдады.
«Жақсарып келе жатқан қаржылық көрсеткіштерді және тұрақты макроэкономикалық болжамдарды ескере отырып, Қор шығындарды оңтайландыру шараларын іске асыруды жалғастырады. Жылдың қорытындысы бойынша жалпы және әкімшілік шығындардан шамамен 10 млрд теңге үнемделеді. Бұдан бөлек, биыл компаниялар тобында мерзімі өтіп кеткен дебиторлық қарызды 8,5 млрд теңгеге дейін қысқарту жөніндегі жұмыс жүргізілді», - деді Нәзира Нұрбаева.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қор тобына кіретін компанияларда қаржылық тұрақтылық бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруы байқалып отыр. Қарыз/EBITDA көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда топтың EBITDA көрсеткішін 737 млрд теңгеге жақсаруы арқасында 3,6 дан 2,8-ге дейін азайды. Бұл көрсеткіш 2,7 ге дейін қысқарады деп болжанып отыр. Бұл компаниялар тобының қаржылық тұрақтылығын айғақтайды.
Қордың жалпы қарызы 2% артты. Неігізінен теңге бағамының әлсіреуі және топтың инвестициялық жобаларын іске асыруға алынған несиелер есебінен. Жалпы, қарыз портфелінің тепе-теңдігі сақталып, Қор көрсеткіштеріне валюта бағамдарының өзгеруі айтарлықтай әсерін тигізген жоқ.
Спикердің айтуынша, күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, Қор компаниялары қаржылық тұрақтылықты нығайту шараларын тоқтатқан емес. Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ еурооблигация шығару шарттарын жақсартуға қол жеткізді. Компаниялар тобы қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру және қарыз алу бағасын арзандату шараларын жалғастыратын болады.
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – «Самұрық-Қазына» Қорының ұзақмерзімді және қысқамерзімді рейтингтерін халықаралық Standard&Poors рейтинг агенттігімен жоғарылатуы болды. Шетел және ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша «ВВВ-» деңгейіне дейін жоғарылап, болжам – «Тұрақты» белгіленді.
«Бүгін Moody’s рейтинг агенттігі Қордың бұқараға арналған рейтингін жариялауы тиіс – еліміздің егемен рейтингісінің ұлғайуымен қатар Қордың рейтингі де Ваа2 деңгейіне дейін көтеріледі, болжам – «Тұрақты» болады деп күтілуде», - деді Нәзира Нұрбаева