«Самұрық-Қазынаның» трансформация бағдарламасы белсенді жүргізіліп жатыр - Ө. Шөкеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларында трансформация шаралары белсенді жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан темір жолы» компаниясының стратегиялық пайдалы жұмыс коэффиценті тізімін талқылау бойынша кеңейтілген отырыста «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Самұрық-Қазынаның» трансформация бағдарламасы белсенді жүргізіліп жатыр - Ө. Шөкеев

«Қорда жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, трансформация өте белсенді жүргізіліп отырғандығын атап өтуге болады. Осы орайда компаниялардың тиімділігі мен құнын арттыруымыз керек», - деді Ө. Шөкеев.

Ол Трансформация бағдарламасы былтырдан бері қорда жүзеге асырылып отырғандығын айта келе: «Ең бастысы - бұл бағыттағы жұмыстар қордың еншілес компанияларында белсенді атқарылуда. Осы жұмыстарға жұмылдырылып отырған адамдар саны артып келеді. Бұны дұрыс деп санаймыз, себебі трансформациялық шараларды компаниядағы қызметкерлерсіз іске асыру мүмкін емес», - деді.

Осы орайда ол Трансформация бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін Қор компаниялар тобында командалық басқарудан корпоративтік басқару тетігіне көшу маңызды екенін атап өтті. Корпоративтік басқару Трансформация бағдарламасының өзегі болып табылады.

Өз кезегінде ҚТЖ басшысы Асқар Мамин Трансформациялау бағдарламасының «Жол картасы» аясында «Қазақстан темір жолы» қызметіндегі барлық ұйымдардың трансформациясы жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Ол үшін тоқсан білікті маманнан құралған команда жасақталып, трансформация бойынша кеңес ұйымдастырылды және компанияның жобалық құрылымы қалыптастырылды. Қазіргі кезде аталған кеңестің тоғыз отырысы өткен екен.

«Қазіргі кезде біз халықаралық консультантты тарту бойынша жұмысты аяқтаудамыз. Алдағы аптада осы тұрғыда тиісті шартқа қол қою шаралары даяр болады», - деді А. Мамин.

Айта кетейік, пайдалы жұмыс коэффицентіне негізделген тиімділікті басқарудың жаңа жүйесі ҚТЖ жұмысын ортақ мақсатқа жұмылдырады, яғни өндірістік тиімділікті барынша пайдалану, өндірістік үдерістерді басқару, шығындарды азайту қамтылып отыр.