«Самұрық-Қазынаның» жалдамалы пәтерлеріне қоныстанғандардың 70 пайызы 25-40 жас аралығындағылар
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына тартылғандардың басым бөлігін экономикалық белсенді халық құрап отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Менеджмент Жылжымайтын мүлік» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айсұлтан Акчурин мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, аталған ЖШС «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылады және оның басты қызметі - тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттарды жалға беру, жалға берілетін баспаналар қорын басқару.
Тоқтала кететін жайт, «Менеджмент-Жылжымалы мүлік» ЖШС еліміздегі жалға берілетін тұрғын үйлерді басқарудағы бірегей тәжірибеге ие компания болып табылады. Ал құрылыс саласындағы жаңа бағдарлама бойынша республикамызда алдағы уақытта миллиондаған шаршыметр баспана берілетінін ескере келе, тұрғын үй қорын сақтап қана қоймай, оның ұзақмерзімдегі тартымдылығын арттыру да маңызды болмақ. Дәл осы проблемаларды анық айқындау мақсатында аталған ЖШС тарапынан зерттеу шаралар жүзеге асқан.
«Зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы тұрғын үйлерді жалға алушылардың басым бөлігі отбасылы азаматтар. Сонымен қатар, жалға алушылардың жасына келсек, олардың 70 пайызы 25-40 жастағыларды құрайды. Яғни, бұл еліміздің экономикалық белсенді азаматтары жалға алу секторына тартылғанын білдіреді», - дейді Менеджмент-Жылжымалы мүлік» ЖШС директоры Айсұлтан Акчурин.
Ал жұмыс орындарына келетін болсақ, олардың басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер - 21 пайыз, ЖШС қызметкерлері - 13 пайыз, Ұлттық компания қызметкерлері - 8 пайызды, қалғандары 56 пайызды құрайды.