Сан-Паулудағы наразылық шеруі жаппай тәртіпсіздікке ұласты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның Сан-Паулу қаласында кеше тәртіп сақшылары жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін наразылық білдірушілер тобына қарсы көзді жасаурататын газ бен басқа да арнайы құралдар қолданды, деп жазады ИТАР-ТАСС.
Бұқараның жаппай тәртіпсіздікке араласуына Black Bloc анархиялық тобының мүшелері түрткі болған. Олар банк кеңселерін қиратып, жергілікті телеарнаның репортерлері мінген көліктің терезесін шаққан. Бұдан да бөлек бірнеше жерде бұзақылық жасап, қоқыс жәшіктерін өртеп, көліктерге зақым келтірген.
Деректер бойынша, Black Bloc анархиялық тобының бет-ауызын тұмшалап алған кей мүшелері наразылық шеруіне қатысушы басқа адамдардың қарсылығымызды бейбіт түрде білдірейік дегеніне қарамастан, қызбалыққа салынған. Қалың бұқара негізінен қоғамдық көліктердегі жолақыны арзандатуды, метрополитеннің шеру кезінде жұмыстан шығарылған 40 қызметкерін қайта жұмысқа алуды талап етпек болған.