12:37, 02 Наурыз 2023 | GMT +5
Сән-салтанат салығын есептеудің тиісті межесі әлі де нақтыланбады - министр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде жаңа Салық кодексіне сән-салтанат салығы туралы норманы қосу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сән-салтанат салығына қатысты талқылаулар жүріп жатыр. Атап айтқанда, бұл талап жаңа Салық кодексінің жобасына енетін болады», - деді Е. Жамаубаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл тақырып жұмыс топтарында қаралып жатыр. Талқылауға кәсіпкерлер, Парламент депутаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып отыр.
Қаржы министрі қазір сән-салтанат салығын есептеудің тиісті межесі әлі де нақтыланбағанын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылдан бастап сән-салтанат салығы туралы норма күшіне енеді.