Сан-Себастьян тұрғындары 2030 жылғы әлем чемпионатын өз қаласында өткізуге қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Әлемдік футбол тарихында алғаш рет қала тұрғындары әлем чемпионатының матчтарын өткізуден өз еркімен бас тартуы мүмкін. 

Сан-Себастьян тұрғындары 2030 жылғы әлем чемпионатын өз қаласында өткізуге қарсы шықты
Фото: euro-pulse.ru

Euro-pulse.ru ақпараттық порталының мәліметінше, Сан-Себастьянның қоғамдық ұйымдары FIFА-ға өз қаласының 2030 жылғы әлем чемпионатын өткізушілер тізіміне қосылуына қарсылық білдірген. 

Сан-Себастьян әлем чемпионатын қабылдайтын Испанияның 11 қаласының қатарына қосылғанымен, жергілікті халық оның кері әсері болуы мүмкін деп алаңдап отыр. Наразылықтың басты себебі – овертуризм мәселесінің шиеленісуі. 

Белсенділер кейінгі 9 жылда туристер ағыны 80 пайызға дерлік өскенін атап өтті. Тұрғындар қаланың қайталанбас болмысынан айырылып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Қала әкімдігі тұрғындардың алаңдаушылығына назар аудармай, чемпионатты өткізудің артықшылығы көп екенін алға тартқан. Әсіресе қаланың экономикалық пайдасы мен халықаралық беделінің артатынын айтты. 

Енді Сан-Себастьянның 2030 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын қала ретіндегі тағдыры чемпионаттың ұйымдастыру комитетіне байланысты болады. 

Еске сала кетейік, 2030 жылғы футболдан әлем чемпионатына 64 құрама қатысуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар