11:43, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Санақ қорытындысы барлық деңгейде шешімдердің қабылдануын жоспарлауды жетілдіруге мүмкіндік береді - Астана қаласы Статистика басқармасы директорының орынбасары
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Бұдан бұрын хабарлағандай, ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында республикада Ұлттық халық санағы өтеді.

Осынау атаулы оқиғаға еліміздің бас қаласы ? Астанада дайындық қалай жүріп жатыр, осы туралы ҚазАқпарат тілшісіне статистика департаменті директорының орынбасары Еркебұлан Бағрамов әңгімелеп берді. - Еркебұлан Әскерұлы, халық санағына дайындықтың басты кезеңдері туралы айтсаңыз? - Қазіргі уақытта барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Біз екінші кезең жұмыстарына - халықты хабардар ету шараларына кірістік. Адам көп жиналатын жерлерде, оның ішінде аялдамаларға хабарландырулар жапсырылуда, телеарналарда екі тілде жарнамалық роликтер көрсетілуде, халықты үгіттеу шаралары жүргізілуде. Қала бойынша 70 санақ бөлімі құрылып, олар қаланың барлық аудандарын қамтып отыр. Қаңтардың 5-інен бастап санақ бөлімдерінің меңгерушілері міндеттеріне кірісті, қазір олар санақты жүргізудің ретін оқып-үйренуде. - Тікелей халық санағымен айналысатын санақшы кадрлармен байланыстың жағдай қалай? Оларды қалай танып білуге болады, жағдайды пайдалануға тырысатын «әзілкештер» мен алаяқтар да табылуы мүмкін ғой? - Адамдардың тізімін жазатын санақшылар саны, қала бойынша 2338 адам болады, қазіргі уақытта олардың 1636-сы жұмысқа алынып отыр. Ал жоспарланған 569 бақылаушы-нұсқаушының 515-і жұмысқа қабылданды. Халық санақшыларды сыртқы киімдерінен танитын болады: олар мойындарына көк түсті шарф орайды, қолдарына ұлттық санақ логотипі жапсырылған портфель ұстайды және арнайы куәліктері болады. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлық санақ бөлімдерінің мекен-жайлары жарияланады. Барлық санақ бөлімдерінде стационарлық қосындар ашылады, азаматтар санақшылардың үйлеріне келгенін күтпей-ақ, осында келіп санаққа тұра алады. - Кез-келген азамат қоңырау шалып, халық санағы туралы сауалдар қоя алатын арнайы телефондардың нөмірлерін де айта кетсеңіз? - 28 02 48, 28 02 49 телефондары бойынша «жедел байланыс» орнатылып отыр. Қала тұрғындарының барлық сауалдарына біздің мамандарымыз жауап береді. - Санақшыларға полиция қызметкерлері еріп жүре ме, себебі түрлі күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін ғой? - Иә, шын мәнінде елордада саяжайларда және қаланың алыс аудандарында тұрып жатқан сырттан келгендер көп. Сондықтан да біздің санақшыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері бөлініп отыр. Кейбір азаматтар өздері туралы мәліметтер беруге, есіктерін бөтен біреулерге ашуға да қорқады. - Санақшылар азаматтардан құжаттар талап етеді ме, адамдардан алынған мәліметтер қаншалықты конфеденциалды болады? - Санақ барысында алынған барлық мәліметтердің қатаң конфедициалды болатынын және олардың тек талдау жұмыстары үшін ғана пайдаланылатынын айта кеткім келеді. Респонденттер тұлғасын куәландыратын ешқандай да құжат көрсетуге міндетті емес. - Азаматтардың қандай сауалдарға жауап берулері керек? - Санақ қорытындысы бойынша көптеген мәліметтер алынатын болады, атап айтқанда; халық саны, жынысы және жас көрсеткіштері, отбасылық құрам, тілдерді меңгеру деңгейі, білім деңгейі, сабақпен қамтылу көрсеткіші, үй шаруашылығының көлемі мен саны, халықтың еңбекпен қамтылуы және тұрмыстық жағдайы, т.б. мәліметтер нақтыланады. Бұл мәліметтер экономикалық, тілдік, әлеуметтік, эмиграциялық және ағартушылық саясаттарды жүзеге асырғанда барлық деңгейдегі шешімдердің қабылдануын жоспарлауды жетілдіруге мүмкіндік береді. - Елорда тұрғындарына қандай тілек айтар едіңіз? - Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын азаматтық белсендік көрсетуге және Ұлттық халық санағына атсалысуға шақырамын. Бұл науқан 10 жылда бір рет өтеді. Біз Астана тұрғындарынан көмек күтеміз. - Сұхбатыңызға рахмет.