17:45, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Санақ - ұлттың портретін жасау деген сөз
ШЫМКЕНТ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстанда ұлттық санақ үшін мәліметтер жинаумен 8700 санақшы айналысатын болады. Бұл - республика бойынша ең жоғары сан. Барлық санақ бөлімдері мен барлық қызметкерлері жұмысқа дайын. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша статистика департаментінің бастығы Бағдат Шайманов әңгімелеп берді.
![None None](/static/img/plug.webp)
- Бағдат Шайманұлы, Оңтүстік Қазақстанда халық санағына тартылған адамдардың саны республика бойынша ең көп екен, сол туралы айтсаңыз?- Иә, шынымен солай. Бізде жұмысқа тартылған санақшылардың саны, басқа облыстардағыдан, көп. Біздің соңғы мәліметтер бойынша, оңтүстікқазақстандықтардың саны қазір 2 миллион 382 мың адамды құрайды. Сондықтан да санаққа да көп адам тартылып отыр. Біз жұмысқа 11 мыңға жуық адамды қабылдадық. Олардың 260-сы - санақ бөлімдерінің меңгерушілері, 2 100-і - нұсқаушы-бақылаушы, 8700 адам ? тікелей халықпен жұмыс істейді. Ақпанның 20-сынан бастап олар өз учаскелерін аралап, адамдармен танысуда, олардың қай уақытта үйлерінде болатындарын сұрап білуде. Мұның барлығы, санақ басталғаннан кейін барынша оңтайлы жұмыс кестесін жасау үшін жүргізілуде. Себебі әр санақшы 290 оңтүстікқазақстандық туралы мәлімет жинақтауы керек.- Адамдарды қандай қағидамен іріктеп жатсыздар? Оларға қандай талаптар қойылады?- Бірқатар талаптар бар. Олардың білімдері орта арнаулыдан төмен болмауы керек, олар сондай-ақ құжаттармен, адамдармен жұмыс істей білуі, ең жоқ дегенде, екі тілді білуі керек. - Қойылатын сауалдардың тізімін қарап шықтым - сұрақтар көп екен. Санақ нәтижесі бойынша күтпеген қандай мәліметтер болуы мүмкін. - Оңтүстік Қазақстан облысының халқы мен облыстың жекелеген елді мекендерінің тұрғындарының санына келетін болсақ, бұл жақтан біз күтпеген ешқандай жағдай бола қоймас. Себебі, біздің басқарма халықтың есебін тұрақты жүргізіп отырады. Біз ай сайын Әділет министрлігінен қанша нәрестенің дүниеге келгені және қанша адамның қайтыс болғаны туралы мәліметтер алып отырамыз. Полиция да, облысқа қанша адамның келгенін немесе еліміздің басқа өңірлеріне қанша адамның қоныс аударғаны туралы мәліметтер береді. Алғашқы санақтың мәліметтері негізінде біз өз есебімізді жүргізіп отырамыз. Сіз айтып өткендей, сауалдар көп және олар әртүрлі бағытта. Сондықтан да, жиналатын мәліметтер негізінде біз өте көп қызықты мәліметтер аламыз. - Яғни, халық санағы дегеніміз - республика халқының портретін жасау ғой?- Дәл солай! Себебі, біз әрбір тұрғынның білім деңгейі, оңтүстікқазақстандықтардың ұлттық құрамы, тіпті компьютермен жұмыс істей білу-білмеуі сияқты мәліметтерді білетін боламыз. Күнкөріс көздері, көші-қон ағымы сияқты мәліметтер де болады, тіпті көлік туралы да сауал қойылады. Көріп тұрсыз, барлық саланы қамтығалы отырмыз. Біздің облыста қанша көлік бар екенін білеміз. Тағы бір маңызды мәселе - халық санағымен қоса, біз тұрғын үй санағын да жүргіземіз. Біз қанша үй-пәтердің бар екенін, адамдардың қалай тұрып жатқанын, баспаналардың жағдайын білетін боламыз. Оңтүстікқазақстандықтардың қайсысы- үй немесе пәтер жалдайтыны, ал кімдердің иелігінде - баспана бар екенін түсінікті болады. Нәтижесінде, Үкімет аса құнды мәліметтер алып, сол мәліметтердің негізінде еңбек рыногын, тұрғын үйлер рыногын жоспарлай алады және басқа да көптеген мәселелер бойынша барабар шешім қабылдайды. - Сұхбатыңызға рахмет!