Саналы ғұмырын азаттық жолына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға - Хасан Оралтай дүниеден озды
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат - Бүгін Германияның Мюнхен шаһарында қарымды қаламгер, саналы ғұмырын азаттық жолына арнаған қайраткер тұлға - Хасан Оралтай дүниеден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хасан Оралтай 1933 жылы Алтайда, Еренқабырға тауының бөктерінде дүниеге келген.
Ат жалын тартып мінген бала жастан ел ісіне араласқан Хасан Оралтай 1946 жылы әкесі Қалибек Хакім бастаған көшпен Гоминдан өкіметінен қашып, Гималай асады. 1951-1954 жылдары арасында Үндістанның Кашмир өлкесінде тұрған олар 1954 жылы Түркияға келеді. Бауырлас елдің Салихли деген қаласына қоныс тепкен Оралтай мұнда ұлттық қозғалыстарға араласа бастайды. Түркияда Мұстафа Шоқайдың шәкірттерімен жолығып, Қарыс Қанатбай басшылық жасайтын Түркістан ұлттық комитетімен тығыз байланыста болады. Ұлттық бағыттағы «Түрк елі» журналының шығуына атсалысады. Өзі де көптеген мақалалар жазып, «Түрікшіл ақын Мағжан Жұмабайұлы», «Шығыс Түркістан түріктері азаттық жолында», «Алаш - қазақ түріктерінің ұлттық ұраны», «Түрікше-қазақша сөздік» сияқты кітаптар шығарады.
Саяси таңдауын жасаған Хасан Оралтай 1968 жылдан 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында жұмыс істейді. Халықаралық радиода қызметте жүріп Кеңестер одағында жүзеге асырылып жатқан ұлттар саясатының солақай тұстарын әшкерелейтін көптеген бағдарламалар жасайды.
Алаштың азаттығын армандаған Хасан Оралтай Қазақстанның тәуелсіздігін ерекше қуанышпен қарсы алды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының және Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын самұрық» сыйлығының иегері. Сұрыпталған 450 томнан тұратын құнды кітаптары мен қолжазбаларын Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының қорына тапсырған.
Табанды тұлға, қажымас күрескер, қарымды қаламгер Хасан Оралтайдың өткен өмірі мен күрес жолы өзінің «Елімай-лап өткен өмір» атты ғұмырнамалық кітабында баяндалған.