Санасы бекімеген жеткіншектер ақпараттық салада қараусыз қалып отыр - зерттеу нәтижесі
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Сандж» зерттеу орталығының балалардың ақпараттық технологияларды қолдану деңгейін анықтауға бағытталған зерттеулері Қазақстанның 16 облысында, қалалық және ауылдық жерлерде 8 және 16 жас аралығындағы балалар арасында жүргізілді.
Зерттеу көрсеткеніндей, ата-ананың тек 37 пайызы өздерінің балаларының ақпараттық қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігін біледі. 3 пайыз ата-ана ақпараттық қауіпсіздік шараларын біле тұра, оны қолдану бойынша ешқандай іс-әрекет жасамайтын болып шықты. Ал қалған ата-ана мүлдем ол туралы бейхабар.
«Зерттеу нәтижелері бәрімізгі алаңдатып отыр. Себебі онда анықталғанындай, сұралған балалардың жартысынан көбі ақпараттық дерекнамаларды дұрыс қолданбайды. Балғындардың 78 пайызы түнде теледидар көреді екен. Тағы бір жартысы түнімен интернетте отыратындығы белгілі болды», - дейді «Сандж» орталығының вице-президенті Наталья Байтүгелова.
«Оқытушылар мен ата-аналар ақпараттық сауаттылығы жағынан балалардан қалыс қалып барады. Біз балғындар интернетті қай жерде пайдаланатындығын, олардың қаншасы компьютермен қамтамасыз етілгендігін анықтауға тырыстық. Зерттеу нәтижесінде 70 пайызға жуық баланың дербес компьютерлері, ал 60 пайыздан астамында интернетке шығу мүмкіндігі бары анық болды. Қаланың баласы үйде отырып және компьютерлік клубтар арқылы, ауыл баласы үйден немесе мектептегі компьютерлерден ғаламторға шығады. Ал кітапханалардағы ғаламторды сұралғандардың тек 1 пайызы ғана қолданатындықтарын айтқан. Демек санасы бекімеген жеткіншектер ақпараттық салада қараусыз қалған», - деді Н. Байтүгелова.
Оның айтуынша, шектеусіз интернет балалар үшін өте қаупті. «Ол жерде криминалды қылмыскерлер өздерінің жәбірленушілерін іздейді, онда рухани және адами құндылықтардың төмендеуі байқалады, мәселен порнографиялық, зорлық-зомбылық өнімдері өте көп», - деп атап көрсетті ол.
Осы мәселеге барлық мүдделі тараптарды жұмылдыру үшін «Сандж» зерттеу орталығы дөңгелек үстел жұмысына Ішкі істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Байланыс және ақпарат министрлігі, ЮНИСЕФ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және тағы да басқа ҮЕҰ өкілдерін шақырған.