Санат кеңейтілді – Қазақстанда Pfizer вакцинасын тағы кімдер сала алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Pfizer вакцинасын егуге болатын санат кеңейтілді. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дәл осы қаулы арқылы Pfizer вакцинасын егуге болатын санат кеңейтілді. Бұған дейін айтылған 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерге қоса, енді барлық топтағы мүгедектігі бар адамдар да Pfizer ектіре алады. Сонымен бірге, барлық топтағы мүгедектігі бар жандар Pfizer-мен ревакцина алады», - деді Айжан Есмағамбетова ҚР ДСМ ұйымдастырған онлайн дәрісте.

Одан бөлек, бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, 50 жастан асқан қазақстандықтар да Pfizer вакцинасымен ревакцина жасату құқығына ие болады.

Бұған дейін Pfizer тек 60 жастан асқан тұрғындарға салынып келген еді.

«Шетелде Pfizer-дің бірінші компонентін алып, екіншісіне үлгермегендер де Қазақстанда Pfizer-дің екінші компонентін сала алады. Яғни, оларға вакциналау курсын толық алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Вакцина елдің барлық екпе бекетінде қолжетімді», - деп түсіндірді А. Есмағамбетова.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді.

Стационарда ем алатын науқастар саны - екі есе, амбулаториялық жағдайда ем алатындар – 4 есе азайған.

Сондай-ақ, Қазақстанда ПТР тестілеу тапсырудан босату, үй карантинін алып тастау секілді карантин шектеу шаралары жеңілдеді.


Соңғы жаңалықтар