Санат Көшкімбаевтің Қазақстан мен Орталық Азия туралы кітабы шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада халықаралық қатынастар саласының белгілі маманы, саяси ғылымдарының докторы Санат Көшкімбаевтің «Казахстан и Центральная Азия между вызовами из прошлого и грядущего» атты кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға танымал саясаттанушылар, дипломаттар, ғалымдар, танымал сарапшылар қатысты. Бұл жинақтың таныстырылымы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының 30 жылдығына арналып отыр.

Аталған институт директорының орынбасары, кітап авторы Санат Көшкімбаев еліміздің сыртқы саясаты бағдарын қалыптастыруға, жаһандық әрі аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне елеулі үлес қосты. Бұл кітапта аймақтың эволюциясы жазылып, негізгі сын-қатерлер мен тәуекелдерге талдау жүргізілген. Сонымен қатар, онда әр жылдары автордың отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған мақалалары, баяндамалары мен сұхбаттары жинақталған.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов бүгінгі таныстырылым барысында осы кітап Санат Көшкімбаевтың көп жылғы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда кітапта қамтылған зерттеулер өте маңызды. Оның арқасында Орталық Азия өңірінің ішкі процестерін тарихи және саяси аспектіде жақсырақ түсінуге болады.

«Халықаралық тұрақсыздықтың шиеленісуі жағдайында өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығы артып келеді. Орталық Азия қайтадан үлкен халықаралық саясаттың назарына ілігіп отыр. Қазір Шығыс, Оңтүстік Азия мен Батысты байланыстыратын көпірге айналды. Институт сарапшылары ретінде өңірдегі зерттеулерге ерекше мән береміз. Біздің сарапшылар өз деңгейінде ынтымақтастық тақырыптарын табысты түрде ілгерілетіп келеді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Орталық Азиядағы сарапшылармен тұрақты кездесу өткізетін дәстүрлі алаңға айналды», - деді Е. Тұқымов.


Соңғы жаңалықтар
telegram