Санавиация ауыр халдегі бүлдіршінді Новосібірден Қазақстанға жеткізді
«Қазақстан азаматының ата-анасының өтінішінен кейін ҚР денсаулық сақтау министрлігі ҚР сыртқы істер министрлігінің көмегімен азаматты отанына тасымалдау мәселесін шешу үшін бірқатар шұғыл іс-шаралар жүргізді. Бала Новосібір қаласында болған. Кішкентай пациент жағдайының ауырлығына байланысты шұғыл Искитим орталық қалалық ауруханасына жатқызылды. Алынған медициналық құжаттама негізінде баланы авиатасымалдау үшін қажетті медициналық жабдықтармен жабдықталған санавиация бортын жіберу туралы комиссиялық шешім қабылданды» делінген хабарламада.
2018 жылғы 11 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:45-те ҚР санитариялық авиациясы ем-домды жалғастыру үшін пациентті Астана қаласы №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізді.
Айта кетейік, биылғы 11 ай ішінде Денсаулық сақтау министрлігі мен санитариялық қызмет 2299 рет ұшып, науқастарға көмек көрсетті. Оның ішінде 12 рет шетелде ауыр халде жатқан пациенттерді тасымалдады. Бұдан басқа, 2855 медициналық қызмет көрсетілді.
«Республикалық санитариялық авиация орталығының барлық қызмет кезеңінде 16559 пациентке медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, донорлық органдар мен биоматериалдарды тасымалдау үшін 63 мәрте ұшты» дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
Санитариялық авиация көбіне қан айналым жүйесінің аурулары бар пациенттерге, жазатайым оқиғалар, улану және жарақат алу кезінде, жаңа туған және балалар жасындағы патологиялар кезінде, сондай-ақ шұғыл акушерлік жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсетеді. 2018 жылғы 11 ай ішінде балалар жасындағы патология пациенттердің 20,9%-да кездесті.