Санавиация орталығының бюджет қаражаттарын пайдалануы заңдылығы тексеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тікұшақ құлағаннан кейін Санавиация орталығының бюджет қаражаттарының пайдалануы заңдылығы тексеріледі Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасыныің баспасөз қызметі хабарлады.

Санавиация орталығының бюджет  қаражаттарын пайдалануы заңдылығы тексеріледі

2016 жылдың 27 қаңтары күні сағат 16:55 шамасында Алматы облысында MD-600N тікұшағы апатқа ұшырап, оның салдарынан 5 адам қаза тапқан (1 ұшқыш және 4 жолаушы, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған бала).

Тікұшақтың ұшуы 2015 жылғы 30 желтоқсанда әуе-көлік қызметтерін көрсету туралы жасалған шарттың шеңберінде «Республикалық санитариялық авиация орталығы» РМК-ның өтінімі бойынша «Аспан» әуекомпаниясы» АҚ-ның пайдалануындағы әуе кемесімен жүзеге асырылған.

Аталған факт Үштөбе стансасындағы Желілік полиция бөлімінің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде ағымдағы жылғы 27 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша тіркелді (темiржол, әуе, теңiз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу).

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалы Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорының өндірісіне қабылданды.

Сонымен қатар «Республикалық санитариялық авиация орталығы» РМК-нің бюджеттік қаражатты пайдалануы және әуе-көлік қызметтерін көрсету заңдылығын сақтауына тексерістер тағайындалды.