Санавиацияның көмегіне көп жүгінетін өңірлер анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санитарлық авиация қызметі ауылдық жерлерде науқастарға мамандандырылған көмек көрсету уақытын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда қан айналымы жүйесінің аурулары Қазақстандағы өлім-жітім себептерінің бірі болып отыр. Миокард инфарктісінің орын алуы мен оның алдын алудың уақытын қысқартуға мүмкін әрбір минут жүрек бұлшықетінің өміршеңдігі сақтауға мүмкіндік береді. Яғни инфаркт салдарынан зақымдану аймағын азайтады. Атап айтқанда, қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша санавиациямен тасымалдау қызметінің үлесі едәуір. Бұл ретте инфаркт және инсульт алған науқастарға облыстық және республикалық деңгейдегі мамандандырылған медициналық ұйымдар жағдайындағы көмек қажет болады», - делінген Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте.
Тек ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында санавиация қызметімен осындай 265 науқас тасымалданды. Қан айналым жүйесі аурулары себебінен ең көп тасымалды «әуе жедел жәрдемі» Маңғыстау, Қарағанды, Атырау облыстарында орындады.
Бүгінде алыс аудандардан науқастарды санавиация күшімен жедел жеткізу жүйесі Қазақстанның барлық өңірлерінде тиімді жұмыс істейді. Бұл өлім-жітім көрсеткіштерін жақсартуға, әсіресе, ауылдық жерлердегі халықтың өмір сүру ұзақтығына әсер ететін өте маңызды бағыттардың бірі.
Жалпы, осы кезеңде санавиациямен 982 әуе сапарлары орындалды. Санитариялық авиацияның ұтқыр бригадасымен 1072 науқасқа медициналық көмек көрсетілді, сондай-ақ 1137 медициналық қызметтер орындалды.