Санайғақ: Астана тұрғындары қанша ет пен нан тұтынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Астана он мыңдаған тұрғынға көбейеді. Сәйкесінше, азық-түлік, су, электр энергиясын тұтыну көлемі де артып келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Санайғақ: Астана тұрғындары қанша ет пен нан тұтынады

Статистика департаменті ұсынған деректерге сәйкес, 1999 жылы халыққа 17 миллион 80 мың текше метр су жіберілген. 2016 жылы бұл цифрдың еселеп өскені байқалады - 44 миллион 152 мың текше метр.

Энергияны тұтыну көрсеткіші де соңғы жылдары екі есеге артқан: 1999 жылы 1 110 миллион киловатт-сағаттан астам болса, 2015 жылы 2 888 миллион киловатт-сағатқа жеткен.

Статистика департаменті нан мен нан-тоқаш өнімдерінің бөлшек саудасын 2004 жылдан бері бақылап келеді. 2004 жылы 7,5 мың тонна өнім тұтынылса, 2005, 2006, 2007 жылдары Астана дүкендерінен 9 мың тонна нан мен нан-тоқаш өнімдері сатылған. Ал 2008 жылы оның көлемі күрт өскен - бір жылда 67 мың тонна, ең үлкен көрсеткіш 2009 жылы тіркелді - жылына 86 мың тонна.

Ет пен ет өнімдерінің бөлшек саудасы туралы деректер 2002 жылдан бері бақыланады. Бұл жылы 11 мың тонна ет сатылған. Ал 2015 жылы бұл цифра 22 мың тоннаны құрады.

Коммуналды қалдықтардың көлемі бойынша дерек жинауды статистика органы 2005 жылы ғана қолға алған. 2005 жылы астаналықтар 224 мың тонна қоқыс шығарса, өткен жылы 383 мың тонна лақтырған.