Санчес Головкин мен Альварестен рингте қандай әрекет күтетінін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бапкер Абель Санчес Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің соңғы айқастары олардың 16 қыркүйекте өтетін жекпе-жегінің «өлшеуші» құралы бола алмайтындығын атап өтті, деп хабарлайды Sports.kz.
«Канело» Головкинмен басқалармен айқасқандай жұдырықтаспайды деп ойлаймын. GGG да Джейкобспен айқасқандағыдай емес, басқаша әрекет ететін болады. Біздің тарапымыздан «Канелоның» кіші Чавеспен айқасы негізінде жекпе-жекке жоспар құрғанымыз ақымақтық болар. Чавес - Головкинмен салыстырғанда мүлдем басқа боксшы», - деп келтіреді Санчестің сөзін Boxingnews24.com.
Оның айтуынша, егер Альварестің командасы GGG-дің Джейкобспен жекпе-жегін негізге алса, бұл да дұрыс емес.
«Дэниэл де мүлдем басқа боксшы және ол көп нәрсені «Канелодан» жақсырақ істейді. Осылайша, таспаларға қарап оның қалай жұдырықтасатынына болжам жасау мүмкін емес, себебі «Канеломен» өтетін айқастың GGG-ге көп байланысты», - деп мәлімдеді Санчес.