«Сандық Қазақстан» бағдарламасы ІТ-секторында 150 мың жаңа жұмыс орнын құрады

«Бұл бағдарламаның негізгі көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, егер де жеткілікті ресурстар болса, сондай-ақ бағдаралама дұрыс басқарылса, онда біз ІЖӨ секторында 5 пайыз үлеске жетуді, ІТ-секторында қосымша жұмыс орындарын 150 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса, еңбек өнімділігінің өсімі 37 пайызды құрап, халықтың сандық сауаттылығы 85 пайызға дейін артады»,-деді «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдинг» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жиенбаева «Сандық экономика жолында» Астана-2016 SAP Форумында.
Осы ретте ол аталған бағдарлама Қазақстан «Стратегия-2050», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» және басқа да салалық бағдарламалар аясында алға қойып отырған барлық мақсаттарға жетуде драйвер болып, жаңа серпін беретінін атап өтті.
Сандық технологияларды енгізу жолымен экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Сандық Қазақстан-2020» бағдарламасын 2017 жылы іске қосу жоспарланып отыр.