18:20, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Сандық телеарнаға көшуді сатылап жүзеге асырамыз ? Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз бүгінде телеарна саласындағы үлкен өзгерістерді күтіп отырмыз. Ол сандық телеарнаға көшумен байланысты мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметов төрағалық ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазір біз сандық телеарнаға көшуге қажетті шығындардың мөлшерін анықтау үстіндеміз», - дейді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Бұл туралы ол бүгін «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының өкілдерімен болған кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Министрдің айтуынша, бұл салаға келесі жылы қомақты қаржы бөлінетін болады. «Біз міндетті түрде сандық телеарнаға көшуіміз керек және бұл бағыттағы жұмыстардың сатылап жүзеге асырылғаны дұрыс. Бұл шара біздің алдымызға қазір жаңа міндеттер қойып отыр. Бүгінде «Хабар» агенттігінде бар құралдар жаңа жүйеге көшуге толық мүмкіндік береді. Алайда бізге осы бағыттағы жұмыстарға тыңғылықты дайындалу қажет», - деді министр. Сонымен қатар ол «Хабар» агенттігіне қарасты телеарналардың шетелдік қосындарын көбейту қажеттігін ескертті. Бұл бағытта Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуі қажет. «Еліміздің келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі қарсаңында бұл мәселе өзекті болып тұр», - деді ведомство басшысы.