Санэпид жағдайды қадағалау үшін БҚО-ға Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жетті

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Көктемгі су тасқынынан зардап шегіп жатқан елді мекендердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қадағалау үшін Батыс Қазақстан облысына Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов аттанды.

Санэпид жағдайды қадағалау үшін БҚО-ға Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жетті

Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім еткендей, осы уақытқа дейін БҚО-ның су астында қалған елді мекендерінде инфекциялық ауруларды жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ.

«Ауыз судың сапасын зертханалық бақылау күшейтіліп, судың сынамаларын алу арқылы күнделікті бақылау жүргізілуде. Барлық балалар ұйымдарында, мектепке дейінгі, жалпы білім беру мекемелерінде, орта, жоғары оқу орындарында сондай-ақ, су басқан үйлерінен көшірілген облыс тұрғындарының орналасқан жерлерінде тамақтандыру және ауызсу режимін ұйымдастыру бойынша бақылау жүзеге асырылуда», - деп атап өткен ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, елді мекендер мен су қоймаларына жақын орналасқан өндірістік нысандарда санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы бақылау күшейтілді. Түрлі жұқпалардың алдын алу үшін халық арасында санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіле бастады. Мемлекеттік санэпидқадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық бөлімшелері тәулік бойғы жұмыс тәртібіне ауыстырылды.