Санэпидемиология қызметі жұртшылықты орын алған кез келген жағдайға байланысты дәрігерлерге уақытылы қаралуға үндейді

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары жұртшылық арасында орын алған кез келген жағдайлар бойынша дәрігерге уақытылы қаралуға үндейді.

Санэпидемиология қызметі жұртшылықты орын алған кез келген жағдайға байланысты дәрігерлерге уақытылы қаралуға үндейді

Бұл туралы бүгін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер міндетін атқарушы Нұрлан Сәдуақасов мәлім етті.

Бас дәрігердің айтуынша, жақында Қызылорда облысында 2006 жылы дүниеге келген баланы ит бетінен қауып алған. Алайда ата-анасы бұған соншалықты мән бермей, тек екі ай өткен соң ғана медициналық көмекке жүгінген екен. Сөйтсе, ит қапқан бала құтыру ауруына шалдыққаны байқалып, оқиға қайғылы аяқталған.

Келтірген мәліметтерге қарағанда, биылғы жылы ел аарсында тұрғындардың құтыру дертіне шалдығу көрсеткіштері де біршама төмендеген. Мәселен, еліміз бойынша 2009 жылы 14 жағдай, 2010 жылы 6 жағдай, ағымдағы жылы 4 жағдай тіркелген. «Бұл оқиғалардың басым бөлігі негізінен дәрігерлерге уақытылы қаралмағандықтан болып отыр», - дейді Н. Сәдуақасов.