Санэпидемиологтар қарбыздан уланып қалмау жолдарын айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің өкілдері ҚазАқпарат тілшісіне қарбыздан уланып қалмау жолдарын айтты.
Жаз басталғалы бері қауын-қарбыз тұрғындардың жеңсік асына айналғаны рас.
Дүкен сөрелеріне түсетін бақша өнімдерін департамент мамандары қатаң тексеруден өткізеді екен. Мамандар тұтынушыларға бақша өнімдерін шілденің ортасынан бастап сатып алуға кеңес береді.
«Департамент қаладағы дүкен сөрелеріне түсетін азық-түліктің сапасын және қауіпсіздігін тексеріп тұрады. Биыл қауіптілік көрсеткіші асып кеткен өнім табылмады. Қауын мен қарбыз және басқа да бақша өнімдері саудадан шығарылған жоқ», - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Мұрат Біржанов.
Оның айтуынша, биыл қауын қарбыз жеп улану жағдайы тіркелмеді.
Мамандардың айтуынша, адамдардың ауыруына басқа да факторлар ықпал етуі мүмкін.
«Атап айтқанда, қолды жақсылап жумау, жеке бас гигиенасының талаптарын сақтамау ауруға әкелуі ықтимал», - деді ол.
Департамент өкілі тұтынушыларға қарбызды жол бойынан емес, арнайы сауда нүктелерінен сатып алуға кеңес береді.
«Қарбыз алар кезде оның сыртқы түсіне назар аударыңыз. Піскен қарбыздың түсі ашық әрі қабығы жылтыр болуы тиіс. Мұртшасы қураған қарбыз піскен деп саналады. Сондай-ақ, сатып алар кезде кесілмеген қарбыз алған дұрыс. Өйткені жайма базарларда қарбызды кесіп беру әдетке айналған. Саудагерлер пышақты тазаламайды, кір шүберекпен сүрте салады. Оп-оңай ауру жұқтыруыңыз мүмкін. Атап айтқанда, түрлі микроорганзимдердің кесірінен токсикоинфекция болуы ғажап емес», - деді Мұрат Біржанов.