Санэпидстанция зертханалары тамақ өнімдерін тексеру жағынан еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне дайын - Республикалық санэпидстанцияның бас дәрігері
АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда барлық аудандық санэпидстанциялары кез келген тамақ өнімдерін тексеруге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл туралы республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері Шалқынбай Жандосов бүгін ҚазАқпарат тілшісіне Алматыда өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерін жүзеге асыру бойынша көптарапты мемлекетаралық семинары кезінде айтты.
«2005-2009 жылдары денсаулық сақтау саласын реформалау мақсатында әрбір аудандық санэпидстанцияға үкімет тарапынан 121 миллион теңгеден қаржы бөлінді. Олардың бәрі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бүгінгі таңда еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге әрекеттеніп жатыр, оған біздің зертханаларымыз сақадай-сай», - деді Ш.Жандосов. Шалқынбай Өтегенұлының сөзіне қарағанда, 2007 жылы қабылданған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қандай да бір елде жұқпалы індет шыққан кезде бұл туралы өзге мемлекеттерді құлағдар етуді міндеттеуді көздейтін Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерінің (ХМСЕ) маңызы өте зор. Өйткені кейбір елдер мұндай ауруды жасырып, оның арты үлкен қауіп-қатер тудырып жатады. Сондықтан ХСМЕ-ні жүзеге асыру арқылы барлық мемлекет өзге елдердегі ахуалдан күнделікті хабардар болып, аса қауіпті ауру шықан жағдайда жергілікті жерлерді жедел құлақтандырып, оның етек алмауы үшін қауіптің алдын алу шараларын жүргізіп отырады.