Санитариялық мәдениет қарапайым әдеттерден басталады — маман

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — 15 қыркүйек — санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының кәсіби мерекесі. Осыған орай Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Айсұлу Жапарова эпидемиолог жұмысының көпшілік біле бермейтін қырлары, санитариялық сауаттылық және вакцинацияның маңызы туралы айтып берді.

Айсұлу Жапарова
Фото Айсұлу Жапарованың жеке архивінен

— Айсұлу Нұрышқызы, көпшілік санитариялық-эпидемиологиялық қызметті тек тексеру жүргізетін орган деп қабылдайды. Сіздің жұмыс күніңіз іс жүзінде қалай өтеді?

— Менің негізгі міндеттерімнің бірі — паразиттік инфекциялар тіркелген жағдайларды дер кезінде есепке алу, инфекция ошақтарын тексеру, эпидемиологиялық талдау жүргізу және олардың таралуының алдын алу шараларын ұйымдастыру.

Сонымен қатар жоспарлы тексерулерге қатысамын, халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргіземін, мемлекеттік қызметтер көрсетемін, азаматтардың өтініштері мен сұрау салуларына жауап дайындаймын. Бұған қоса айлық, тоқсандық және жылдық есептерді әзірлеу, жоспарлы жұмыстарды орындау сияқты күнделікті міндеттер бар.

Яғни эпидемиологтың жұмысы тек тексерумен шектелмейді. Оның едәуір бөлігі — қауіпті ерте анықтау, талдау және оның алдын алуға байланысты.

— Кез келген мамандықтың уақыт өте адамның мінезіне де әсер етері сөзсіз. Мысалы, дүкенге немесе асханаға барғанда қарапайым адам байқамайтын қандай нәрселерге көңіл бөлесіз?

— Ия, әрине. Сауда немесе қоғамдық тамақтану орнына барғанда нысанның тазалығына, қызметкерлердің арнайы киіміне, тағам өнімдерінің қалай сақталғанына, ыдыс-аяқтың тазалығына еріксіз назар аударамын. Кейде осы ұсақ көрінетін нәрселердің өзі нысандағы санитариялық жағдай туралы көп ақпарат береді.

Үйде де азық-түліктің жарамдылық мерзімін, сақталу жағдайын қадағалаймын. Шикі ет пен басқа өнімдерге арналған тақтайшаларды бөлек пайдалану, жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуу сияқты қарапайым нәрселер күнделікті дағдыға айналған. Бұл шамадан тыс сақтық емес, өзімнің және отбасымның денсаулығын қорғауға бағытталған қарапайым әрі пайдалы әдеттер деп ойлаймын.

Айсұлу Жапарова
Фото Айсұлу Жапарованың жеке архивінен

— Кейде адамдар санитариялық талаптарды артық шектеу деп қабылдайды. Сіз мұндай адамға өз жұмысыңыздың маңызын қалай түсіндірер едіңіз?

— Санитариялық талаптарды шектеу ретінде емес, ең алдымен адам денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шара ретінде қабылдау керек. Оларды жол қозғалысы ережелерімен салыстыруға болады. Жол ережесі жүргізушіні шектеу үшін емес, апаттың алдын алу үшін қажет. Санитариялық талаптардың да мақсаты — қауіптің алдын алу.

Біз күнделікті тұтынатын тағамның, ауыз судың қауіпсіздігіне, қоршаған ортаның санитариялық жағдайына көңіл бөлу арқылы халықтың денсаулығын қорғаймыз. Сондықтан санитариялық талаптарды сақтау — тек мамандардың емес, әр азаматтың жауапкершілігі.

— Сіздің бұл салада еңбек етіп жүргеніңізге 22 жыл болған екен. Осы уақыт ішінде СЭС жұмысы қаншалықты өзгерді?

— Осы аралықта жұмыс тәсілдері айтарлықтай өзгерді. Цифрландыру ақпаратты жедел жинауға, талдауға және қажетті шешімдерді уақытында қабылдауға мүмкіндік берді. Мамандардың жұмысы да біршама жеңілдеді.

Алайда қызметтің негізгі мақсаты өзгерген жоқ. Ол — халықтың денсаулығын қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету.

Әр кезеңнің өз қиындығы бар. Сондықтан қайсысы ауыр болды деп бөліп-жармаймын. Ең маңыздысы — заман талабына бейімделіп, өз ісіңе адал болу.

— Қазір қазақстандықтардың санитариялық сауаттылығы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

— Пандемиядан кейін халықтың жеке гигиенаға деген жауапкершілігі артқаны байқалады. Қолды жиі жуу, антисептик қолдану, ауру белгілері болған кезде өзгелерден оқшаулану сияқты дағдылар қалыптасты.

Тұрғындар дұрыс тамақтануға, өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақталу жағдайына бұрынғыдан көбірек көңіл бөлетін болған.

Бүгінде ақпарат та қолжетімді. Адамдар санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік туралы әлеуметтік желілерден, БАҚ-тан және ресми ақпарат көздерінен қажетті мәліметті тез таба алады.

Дегенмен, әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарында және көшеден тағам сатып алған кезде өнімнің қауіпсіздігіне, оның дайындалу және сақтау жағдайына әрдайым мән беріле бермейді. Сондықтан санитариялық сауаттылық тек үйдегі тазалықпен шектелмей, күнделікті өмірдің барлық саласында көрініс табуы маңызды.

Айсұлу Жапарова
Фото Айсұлу Жапарованың жеке архивінен

— Қазір адамдар әлеуметтік желіден денсаулыққа қатысты сан түрлі кеңес алады. Жалған мен шынайы ақпаратты ажыратуда халық қандай қателік жібереді?

— Ең жиі кездесетін қателіктің бірі — әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратқа бірден сену. Медициналық білімі жоқ адамның кеңесіне сүйену денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.

Кейде адамдар күрделі мәселенің тез шешімін іздеп, ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген әдістерге сүйенеді. Ақпараттың қайдан алынғанына, оны кім айтып отырғанына мән бермейді.

Денсаулыққа қатысты мәліметті ресми мемлекеттік органдардан, медицина мамандарынан және дәлелді медицинаға негізделген сенімді дереккөздерден алған дұрыс.

— Эпидемиологиялық бақылау саласында жаңа қауіптер немесе мәселелер бар ма?

— Бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі — вакцинациядан бас тарту. Салдарынан қызылша, көкжөтел сияқты вакцинамен басқарылатын инфекциялардың қайта өршу қаупі бар. Сондықтан иммундаудың маңызы туралы ата-аналарға айтуымыз керек, түсіндіру жұмысын күшейткен жөн. Бұл бүгінде эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты болып отыр.

— Жас маман кезіңізде бүгінгі тәжірибеңіз болса, өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?

— «Әрбір ұсақ-түйекке мән бер. Эпидемиологияда болмашы нәрсе болмайды», -дер едім.

Сондықтан салаға жаңадан келген мамандарға кәсіби біліммен қатар ұқыптылықты, жауапкершілікті және адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуді тілеймін. Санитариялық нормаларды білу жеткіліксіз. Ең бастысы — оның маңызын халыққа қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе білу.

Айсұлу Жапарова
Фото Айсұлу Жапарованың жеке архивінен

— Жұмысыңыздың нәтижесі көбіне көзге көрінбейді. Бүгінгі сұхбатты пайдаланып, халыққа не айтар едіңіз?

— Белгілі бір инфекцияның алдын алып, адамдардың денсаулығына қауіп төнуіне жол бермеу — маман ретінде мен үшін ең үлкен қуаныш. Біздің жұмысымыздың нәтижесі көбіне көзге көрінбейді. Егер жұқпалы аурудың таралуына жол берілмей, тұрғындар қауіпсіз ортада өмір сүрсе, бұл — еңбегіміздің ең маңызды нәтижесі.

Тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Қолды дұрыс жуу, тағамды дұрыс сақтау, қауіпсіз суды пайдалану, вакцинациядан уақытында өту, аурудың алғашқы белгілеріне мән беру — қарапайым көрінгенімен, маңызы зор. Санитариялық мәдениет осындай қарапайым әдеттерден басталады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық жұмыс моделіне (e-sen.kz) көшу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында нақты нәтижелер көрсеткенін хабарлағанбыз.