Санитарлық авиацияның тікұшақтары 300-ден астам ұшу сапарын жасады

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында мобилді медицинаны дамыту жұмысы жалғасуда. Ауыл тұрғындарының мамандандарылған медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің жеделдігін арттыру көліктік медицинаның басымдықты міндеті болып табылады, деп хабарлады Pm.kz сайты.

Санитарлық авиацияның тікұшақтары 300-ден астам ұшу сапарын жасады

«Елде озық емдеу-диагностикалық кешендер, медицинаның негізгі бағыттары, оның ішінде ең жаңа бағыттар бойынша ондаған орталықтар құрылды, көліктік медицина дамытылуда. Бізде медициналық пойыздар, автокөлік, медициналық авиация пайдаланылады», - деп мәлім етті Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Бүгінде Қазақстанның мобилді медицинасында консультативтік-диагностикалық пойыздар, жылжымалы медициналық кешендер, санитарлық тікұшақтар мен реанимобильдер бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, арнайы  дәрігерлер бригадасы жұмыс істейтін жылжымалы медициналық кешендердің базасында 2011 жылы бүкіл республика бойынша 98 мыңнан астам адам қаралды. Атап айтқанда, 115 мыңға жуық зертханалық-диагностикалық зерттеу жүргізілді және 86 мың консультация берілді.

«Денсаулық» және «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық пойыздарымен қоса, 2011 жылы үшінші пойыз - «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шықты. 110 стансаның тұрғындарына 260 мыңнан астам емдеу-диагностикалық қызметтер көрсетілді, 52 мыңнан астам адам дәрігерлерге қаралды, олардың 15 мыңға жуығы балалар.

Айта кету керек, жарақаттанушылықты азайту үшін елімізде шұғыл медициналық көмек көрсету қызметі жетілдірілуде. Өткен жылы Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ашылды. Орталық 2011 жылы 323 шұғыл ұшу сапарын жасады.

Сондай-ақ жедел жәрдем қызметін жаңғырту жұмыстары жалғасуда - 73 реанимобиль сатып алынды және жаппай GPS-навигация жүйесі енгізілуде.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында мобилді медицина қызметімен елімізде жыл сайын 1,5-2 млн. адамды қамту жоспарлануда. Бұл шара халықтың орташа өмір жасын ұзартуға, аурулар мен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуде және алыс ауылдардың тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмекке деген қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді.