Санитарлық бақылау қызметі жаңа министрлікке ауыса ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, кешегі Денсаулық сақтау және әлеуметті даму министрлігі кезінде аталған мәселе талай рет талқыланған. Бірақ бәрі бір шешімге келе алмады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санитарлық бақылау қызметі жаңа министрлікке ауыса ма

«Енді, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін жаңа министрлікке бере ме, жоқ па, оны дәл қазір айта алмаймын. Бүгін сағат 10-да Премьер бәрін жинап, сол жерде осы мәселені қояды деген. Теxникалық регламенттер санэпидпен бірге кете ме, жоқ әлде, Ұлттық экономика министрлігінде қала ма, осыны талқыға салуы қажет. Иә, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі кезінде санитарлық бақылауды соған ауыстыру мәселесі болған. Шыны керек, сан алуан пікірлер айтылды. Бірақ бір шешімге келе алмады. Сондықтан бәрін үкімет шешуі тиіс», - деді Сәдуақасов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ауыстыру мәселесі талай рет талқыланған болатын. Тіпті, Үкімет отырысында да көтерілген. Жақында «Атамекен» ұлттық палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов санитарлық-эпидемиологиялық қызметті денсаулық сақтау саласына ауыстырып қана қоймай, оның бастығын вице-министр қызметіне дейін көтеруді ұсынды . Себебі санитарлық тексерістердің нәтижесінде кәсіпкерлер шығынға батып жатады.

«Ондай тәжірибе кеңестер кезінде болған. Соны қайтару қажет. Естеріңізде болса, Қазақстанда бас санитарлық дәрігер ылғи министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сол кезде аталған қызметтің абыройы болды. Факультеттер жұмыс істеді. Медициналық университеттер арнайы маман оқытты. Білуімше, қазір ондай мамандық жоқ. Соның салдарынан санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кәсіби біліктілігі төмен мамандар келеді. Тіпті, медициналық мамандығы жоқ адамдар бар», - деді Сүлейменов Бас прокуратурада болған кеңесте.