Санитарлық бақылаудың жаңа министрлікке ауысуы талаптарды азайту жұмысына кері әсерін тигізбейді - ҰЭМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаеваның айтуынша, санитарлық эпидемиологиялық бақылау қызметінің жаңадан құрылған денсаулық сақтау министрлігіне ауысуы осы саладағы тексеріс талаптарын азайтуға байланысты қазіргі жұмысқа кері әсерін тигізбейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Енді, тексерістер бір министрліктен екінші министрлікке ауысқанда көп өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Қазіргі кезде бір министрлікте болғандықтан, тексеру парақтарын бірлескен бұйрықтармен бекітіп жатырмыз. Бұл дегеніміз, бұған дейін тексеру парақтары бір министрлікпен бекітілсе, енді бірлескен бұйрықпен бекітілетін болады", - деді Жолдыбаева бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, ендігі кезекте барлық бұйрықтарды екі министрлік бірлесіп қабылдаса да, ондай жұмыс тексеру парақтарындағы талаптарды азайту жұмысына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Себебі осы жұмыспен айналысатын мамандардың құрамы өзгермейді. "Енді, біз тексерістерді 10 пайызға қысқартамыз, 20 пайызға қысқартамыз, сосын 80 тексеру парақтарындағы талаптарды қысқартамыз деп жатырмыз. Осының бәрін іске асыратын болсақ, бизнеске үлкен көмек болады", - деп атап көрсетті департамент басшысы.