Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жетілдіріле түсетін болады - Ж. Бекшин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жетілдіріле түсетін болады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары - Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осылай мәлімдеді.
Брифинг барысында еліміздің Бас санитары Президент Н. Назарбаевтың кәсіпкерлік қызметін дамытудың түбегейлі шараларына қатысты жүктеген тапсырмасына тоқтала келе, осы мақсатта санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жетілдіріліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда елімізде 123 мың нысан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауында тұр. Ал бақылаудың жаңа формасына келсек, қазіргі күні біз осы нысанның барлығын үш тәуекел тобына жіктедік. Оның біріншісі - эпидемиологиялық мәні жоғары нысандар. Оған бірінші кезекте орталықтандырылған сумен жабдықтау нысандары, тәулік бойы адамдар қабылдайтын мекемелер, медициналық, хирургиялық, акушерлік,педиатрлық бағыттағы стационарлар жатады. Жалпы, бірінші топқа кіретін нысандар жалпы барлық нысанның 10 пайызын құрайды. Ал екінші топқа - орташа эпидемиологиялық мәні бар нысандар енеді. Олардың үлесі 30 пайызға жуық және бұған тәулік бойы қызмет көрсететін, салтанатты, бұқаралық шараларды жүзеге асыратын нысандар жатады», - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, үшінші тәуекел тобына эпидемиологиялық қауіптілігі онша жоғары емес нысандар еніп отыр. Бұлардың жалпы үлесі 60 пайызға жуық.
«Қазіргі таңда жоғары және орташа деңгейлі тәуекелдерге жататын нысандардағы жоспарлы тексеріс бұрынғыға қарағанда екі есеге қысқартылады. Яғни, тәуекелі жоғары нысандар бұрын тоқсан сайын тексерілсе, енді жартыжылдықта бір рет қана тексеріледі. Ал орташа санаттағы нысандар бұған дейін жылына екі рет тексеріліп тұрса, қазір жылына бір рет қана тексерістен өтеді», - дейді Ж. Бекшин.