Санитарлық-эпидемиологиялық және төтенше жағдайлар тексерісі бойынша 11 мың талап жойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың төрағалығымен Қарағанды қаласында Бас прокуратураның көшпелі алқа отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Санитарлық-эпидемиологиялық және төтенше жағдайлар тексерісі бойынша 11 мың талап жойылды

Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей көрсетілімі жүріп жатқан шара барысында Бас прокуратура елде қалыпты бизнес ортасын құру бойынша өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Жол картасы аясында қабылданған жүйелі шаралардың бірнеше нәтижесі жария етілді. Атап айтқанда, санитарлық-эпидемологиялық және төтенше жағдайлар желілері бойынша тексерістерде қойылатын 11 мың талап алынып тасталды. Тек адамдардың қауіпсіздіктері мен денсаулықтары үшін маңызды 3 мың талап қалдырылды. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әкімшілік процесті ізгілендіру бойынша мәселелер пысықталуда.

Жеңілдетілген жағдайда бизнес үшін әкімшілік айыппұлды 30 пайызға төмендету жөніндегі ұсыныс Мәжілісте қаралуда. Үшіншіден, экономикалық қылмыстарды қозғауға ұстанымдар өзгертілді. Тексеріс және залалдарға қатысты актілері болған жағдайда ғана қылмыс тіркеледі. Осының нәтижесінде қылмыстық істер 10 есеге азайып отыр.

Отырыста сондай-ақ, уәкілеттік органдардың, аумақтық органдардың жұмыстарындағы кемшіліктер аталып өтуде. Қарағанды облысы прокуратурасының қызметтері жеке сынға алынуда.