Санитарлық нормаларды бұзған Тараздағы аурухананың бас дәрігері жұмысынан кетті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы облыстық балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасындағы пациенттердің жағдайымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі.

Санитарлық нормаларды бұзған Тараздағы аурухананың бас дәрігері жұмысынан кетті

Ондағы жағдай талапқа сай емес. Сондай-ақ тексеру барысында тағы санитарлық нормалардың бұзылу жағдайлары анықталды.

Айталық процедуралық кабинет бөлмені тазалауға арналған құралдар тұратын орынға айналған. Пациенттерден алынған қан сынамаларымен жұмыстар уақытында жүргізілмеген. Бұған қоса, тексеру барысында азық-түлікті және дәрі-дәрмектердің ыдыстарын сақтау нормаларының да бұзылғандығы белгілі болды. Сондай-ақ бөлмелерді тарақандар басып кеткен.

Осының барлығын мұқият зерделеп шыққан облыс әкімінің орынбасары анықталған фактілердің мұндай медициналық мекемеде сау адамның өзінің ауру жұқтырып алуы мүмкін екендігін атап өтті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, аталған жағдайға байланысты балаларға арналған жұқпалы аурухананың бас дәрігері жұмысынан босатылды.

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Денсаулық сақтау басқармасының басшысына аз ғана уақытта анықталған барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды.