Санкцияның Қазақстанға «салқыны» тие ме - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 тамыз, жұма күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Санкцияның Қазақстанға «салқыны» тие ме - баспасөзге шолу

*** «Егемен Қазақстан» газетi бүгiнгi санында әйгiлi жазушы Бердiбек Соқпақбаевтың 90 жылдығына орай толымды мақала жариялады.

"Шынында, сол берен талант биылғы жазда 90 жасқа толғалы отыр. Жыр жампозы Мұқағали Мақатаев: «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсысымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын. Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан да әрідегі ұрпақтың туы­сымын да», деген екен. Бұл сөзді Бердібек Соқпақбаевқа да ортақ десек, орынды болар", - деп жазады басылым "Ақиқаттың адамы" атты мақаласында. "Мұндай абырой-беделге тек дара талант иелері, алыптар шоғыры ғана жетсе керек. Сондай халқының жүрегі­нен, әсіресе, жас ұрпақтың ойынан ойып тұрып орын алған, керемет шығар­ма­ларымен, келістіріп суреттеген кейіпкерлерімен бірге жасасып келе жатқан, тұғыры мықты тұлға Бердібек Соқпақбаевтың өз оқырмандарымен тағы бір қауышатын жылы биылғы жыл. Жазушының қай шығармасын алсаң да өзі өмір сүрген қоғамның кесір-кесапатын бүкпей айтып, керек жерінде әжуамен жеткізіп, баланың сөзі ғой дегізгенімен, астарына үңілсең заман ақиқаты, адамдардың қилы мінезі, пенделігі ойлантып тастайды. Қалам­гер­дің шағын әңгімесінен бас­тап, романына дейінгі бүкіл дүниесінің айтпағы шын­дықтың шырайы, ақиқатты ақтаң­даққа айналдырмайық деген түпкі бай­ламы көш жерден менмұндалап тұрады».

***

"Айқын" басылымында бүгін "Санкцияның Қазақстанға "салқыны" тие м е " деген тақырыппен мақала жарияланды.

"Егер Мәскеу Украинаны бөлшектегісі келіп жатқан жасақшыларды қолдап, оларды қарумен қамтамасыз ете беретін болса, санкцияның салалары тағы да кеңейе бер­мек. Десек те, соңғы бірер күнде жариялан­ған санкцияның өзі Ресейге аса ауыр тиейін деп тұрған сынды. Еуроодақ­тың есебінше, осы қолданылған шаралардан Ресей 100 миллиард доллардың үстінде зиян шекпек. Бірақ бұл әлі басы болса керек. Ары қарай жағдай тіпті қиындай бермек", - деп жазады газет аталмыш материалда.

"Ресей осындай халге душар болып жатса, онымен серіктес, одақ­тас (Кедендік одақ, Еура­зия­лық эконо­микалық одақ) болып отырған өзге ТМД-ның елдері не болмақ? Соның ішінде Қазақ­станның хал-күйі ше? Өйткені Ресейге қарсы іске аса бастаған қаржылық, эконо­ми­калық һәм көмірсутегі саласына байла­нысты санкция Қазақстанға әсер етпейді деп томпиып отыра беруге бола ма?", - дейдi басылым.

Кеңес заманында келмеске кеткен МТС-тер қайта жаңғыртылмақ. Бұл туралы "Айқын" газетi кезектi мақаласында жазып отыр.

«Әр ауылдың айналасында ескі тракторлар мен техникалар тот басып, үйіліп жатыр. Тұтас молалар... Онда балалар ойнайды. Сонда апарып, қоқыстарды лақтырады. Мұнымен кім айналысады?

Кім оларды тазалап, орнын көгалдандырады?» Осыдан бірнеше жыл бұрын сенаторлар Үкіметке осындай сауал қойып, сұрау салған болатын. Енді Кеңес кезінен қалған, көңілді құлазытқан бұл көріністер келмеске кетуі мүмкін. Кеше ел Үкіметі Қазақстандағы МТС-терді қайта жаңғыртатындарын жария етті. Бұл мәліметті Президент жанындағы Орталық коммуникациялар орталығындағы журналистермен кездесуде «ҚазАгро» хол­дин­гі басқарма төрағасының орынба­сары Қайрат Айтуғанов хабарлады", - делiнген "Кредит-бұқа көз құртына айналды" атты мақалада.

*** Германия футболдан әлем чемпионатының арқасында сыра iшуден рекорд орнатып отыр, деп жазады "Экспресс К" басылымы.

"Германия тұрғындары 2014 жылдың маусым айында 10 млн. гектолитрге жуық сыра iшiп қойған. Бұл туралы федералдық статистикалық ведомство хабарлады. Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұған Бразилияда бастау алған футболдан әлем чемпионаты түрткi болған. Осы айдың iшiнде айналым 14 пайызға артқан және 9,7 млн. гектолитрге дейiн өскен. Бұл 2010 жылғы маусым айындағы нәтижемен парапар", - делiнген мақалада.