Санкт-Петербор қаласындағы келелі басқосу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Санкт-Петербор қаласында ХХ Петербор Халықаралық эко­номикалық форумы өтті. Алқалы жиында әлемдік деңгей­дегі көкейкесті мәселелер талқыға салынды. Мемлекеттер көшбас­шылары әлемдік дағдарыстың экономикалық және әлеуметтік салдарларын, жаһандық экономиканы қалпына келтіру мәселесіне назар аударды. Аталмыш форумға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Форум аясында Президент екіжақты кездесулер өткізіп, Ресейдің бизнес өкілдерімен сұхбат құрды. Басқосуға «Еурохим», «Эфко», «Лукойл», «Полиметалл», «Еуропа подшипник кор­по­рациясы», «Сколково», «Ресей темір жолдары» және «АвтоВаз» сияқты ресейлік ірі компаниялардың жетекшілері қатысты.

Санкт-Петербор қаласындағы келелі басқосу

Елбасы өз сөзінде қазан айында Астанада өңірлік форум өтетінін еске сала отырып, Еуразиялық эко­но­микалық одақ құрылғаннан бергі жетістіктерімізді саралап, күн тәртібіндегі мәселелерді сөз етті және алдағы бірлесіп атқарылатын шаруаларды ақылдасу керектігіне тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы екі елдің арасындағы сауда айналымының төмендеуіне сыртқы факторлардың да өз әсерін тигізгендігін, әйтсе де оны еңсеруге болатындығын атап көрсетті. «Ол - біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейте түсу. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 15 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш кезінде 30 миллиард АҚШ долларына жеткен болатын. Ынтымақтастығымызды бекемдесек, біртіндеп оны да қалпына келтіреміз» деді Н.Назарбаев.

Форум аясында Елбасы Гви­нея Республикасының Прези­денті Альфа Кондемен кез­десті. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы екіжақты байланыстарды жолға қою перспективаларын қарас­тырды. Бұдан бөлек, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы шеңберіндегі бірлескен жұмыстарды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер сөз болды. Президент мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында өтіп жатқан Гвинея Президентімен алғашқы кездесуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. А.Конде Қазақстан Президентіне кездесу үшін алғыс айтып, екіжақты серіктестіктің түрлі салаларындағы қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар халықаралық шара шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті Олег Белозеровпен де кездесті. Екеуара әңгімеде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ екі елдің көлік әлеуетін іске асырудың перс­пективалы бағыттары талқыланды. О.Белозеров Қазақстан тарапымен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, таяу кезеңге арнал­ған жұмыс жоспарлары жөнінде әңгімеледі.

Ал Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы екіжақты ынты­мақ­тастық мәселелеріне көңіл бө­лінді. Екіжақты байланысты одан әрі дамыту перспективаларына мән берілді.

Елбасы БҰҰ-мен қарым-қаты­наста Пан Ги Мунның Бас хатшы қызметінде қол жеткізілген өзара түсіністіктің деңгейі жоғары екенін айтты. Пан Ги Мун Қазақстан Пре­зидентінің Ұйыммен серіктестік қарым-қатынастарының дамуына қосқан жеке үлесін атап өтіп, қызметтің барлық бағыты бойынша БҰҰ-ға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федера­ция­сының Президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық үдерістердің дамуына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі те­реңдете түсу перспективалары да қарастырылды.