Санкт-Петерборда әзірге «доңыз тұмауынан» адам өлімі тіркелген жоқ
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Санкт-Петерборда, бүкіл Ресейдегідей, «доңыз тұмауына» шалдыққандардың саны күн санап өсіп келеді.
Қарашаның 9-ындағы жағдай бойынша, Невадағы қалада жоғары патогенді A/H1N1 тұмауын жұқтырған 274 пациент тіркелген, олардың 145-і- балалар. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Санкт-Петербордың Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Юрий Щербук мәлім етті.
«Бүгінде тұмау індетімен белсенді күрес жүргізіліп жатыр. Пациенттерді медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен, профилактика жабдықтарымен қамтамасыз ету тұрғысынан жағдай түсінікті және нақты», деп атап көрсетті Щербук өз сөзінде. Оның айтуынша, қазір 69 ересек пен 10 бала Петербор ауруханаларында стационарлық ем-дом қабылдауда.
Өткен аптаның соңында Санкт-Петерборда «доңыз тұмауына» шалдыққандардың саны 160 шамасында болған. Қалада тұмау салдарынан әзірге кісі өлімі тіркелген жоқ.
Қазіргі уақытта қаладағы екі мектеп пен бір мектеп-интернат карантинге жабылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, індет ошағы сондай-ақ, Петербордағы Азаматтық авиация университетінде де тіркелген.