Санкт-Петерборда «Жиырмалық тобы» саммитінің екінші күні басталады

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Санкт-Петербордағы Константин сарайында «Жиырмалық тобы» елдері көшбасшыларының саммитінің екінші күні басталады.

Санкт-Петерборда «Жиырмалық тобы» саммитінің екінші күні басталады

Кеше «Жиырмалық тобының» бірінші жұмыс отырысы барысында қатысушылар әлемдік экономикадағы негізгі үрдістер мен оларға жауап беру мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар қаржылық реттеу мәселесі, соның ішінде салық саласындағы іс-әрекет жоспары мен жаһандық қаржы архитектурасын реформалау бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ басты қорытынды құжат - «жиырмалық» елдері көшбасшыларының декларациясының негізі болатын жұмыс орындарын құру және оны қаржылық реттеу бойынша Санкт-Петербор іс-әрекет жоспары қаралды.

«Жалпы алғанда, «жиырмалық» қиын мәселелердің шешімін таба ала алатын қабілеті бар екенін көрсетті. Қабылданған шаралардың арқасында жағдай біршама жақсарды», - деді В. Путин кездесудің ашылуында сөйлеген сөзінде. - Біздің басты міндетіміз - жаһандық экономиканы тұрақты әрі орнықты өсім жолына қайтару. Әзірге, өкінішке орай, бұл міндет орындалған жоқ, демек, дағдарыстың қайталану қаупіне әкелетін шарттар, жүйелік қатерлер де әлі сақталуда».

Оның атап өтуінше, «ХВҚ-да дамушы және нарығы енді қалыптасып жатқан елдердің рөлін, басқаша айтқанда, квоталар мен дауыстарын өсіру» әлемдік экономиканы тұрақтандыру бойынша басты шаралардың бірі болуы тиіс. Алайда, әзірше бұл мәселеде оң үрдіс байқалмайды.

Саммитте сонымен қатар жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдардың басшыларының екіжақты кездесулері өтті. Аталмыш кездесулер барысында ықпалдастық шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, саммитте бизнес пен кәсіподақтар мүшелерінің G20 мемлекет және үкімет басшыларымен бірқатар кездесулері өткізілді.

«Үлкен жиырмалық» басшылары кездесуінің басты ресми емес тақырыбы - Сирия төңірегіндегі жағдай және Батыс елдері тарапынан мүмкін болатын әскери интервенция. Соңғы кездері В.Путин мен АҚШ президенті Барак Обама арасындағы қарым-қатынастардың суығаны аталған мәселенің шешілуіне өз ықпалын тигізбей қалған жоқ. Америка басшысы Ресейге келген сәтінен бастап Путинмен бетпе-бет кездесуге ниет білдірмей отыр. Ресейлік СІМ кешкі ас кезінде президенттер тілдесіп қалар деп үміт артқан. Алайда түн жарымда аяқталған астан кейін қол жеткізілген қандай да бір уағдаластықтар жөнінде хабарланған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік,«Жиырмалық тобындағы» Ресейдің төрағалығы 2012 жылдың 1 желтоқсанында басталды, саммит-2013 жүргізіліп жатқан жұмыстың басты қорытындысы болып табылады. «Үлкен жиырмалық» саммитіне 20 елдің басшылары, сондай-ақ арнайы шақырылған 6 мемлекеттің және экономика саласындағы ең ірі 8 әлемдік ұйымның жетекшілері қатысуда.

Қазақстан Санкт-Петербордағы G20 саммитіне Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ және Тәуелсіз мемлекеттер достастығының өкілі ретінде шақырылды.