Санкт-Петербордан Өзбекстанға бағыт алған ұшақ шұғыл Ақтөбеге қонды

Өзбекстанның Qanot Sharq әуе компаниясының Санкт-Петербордан Самарқанға ұшып бара жатқан ұшағы Қазақстанның Ақтөбе әуежайына шұғыл қонды, деп хабарлайды Kazinform «Uzbekistan Airports» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 ұшақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ұшақтың қонуына жолаушылардың бірінің денсаулығының нашарлауы себеп болған. Ұшақ жақын арада қайтадан ұшады деп күтілуде.

«Qanot Sharq әуе компаниясының Санкт-Петербург-Самарқанд бағытындағы HH786 рейсінде жолаушылардың бірінің денсаулығы нашарлады. Осыған байланысты ұшақ Ақтөбе облысының халықаралық әуежайындағы балама аэродромға қонуға мәжбүр болды»,-делінген хабарламада.

Экипаж бортқа жедел жәрдем көлігін шақырды. Ұшақ Ақтөбеге Астана уақытымен 15:48-де қонды. Алдағы уақытта Самарқан әуежайына ұшады деп жоспарлануда.