Санкт-Петербургте 6 қазақстандық кәсіпқой боксшы сынға түседі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Санкт-Петербургтегі кәсіпқой бокс кешінде жекпе-жекке түсетін жұптардың толық тізімі жарияланды. Басты тартыс қазақстандық екі салмақ санаты бойынша WIBA WBU IBO Championship WBC Silver белбеулерінің иегері Фируза Шәріпова мен ресейлік Юлия Куценко арасында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тңілшісі. 

Санкт-Петербургте 6 қазақстандық кәсіпқой боксшы сынға түседі

Қазақстандық боксшы бойжеткен чемпиондық белбеулерін қорғауға күш салады. Сондай-ақ Санкт-Петербургтегі бокс кешінде басқа да отандастарымыз шаршы алаңға шығады. Жекпе-жек жұбының толық тізімі төмендегідей: 

Ресейлік Евгений Терентьев беларусь Кирилл Самадураумен 10 раундтық жекпе-жекте кездеседі. 

Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық Виктор Коточигов тайлық Аеккаве Каевманимен жұдырықтасады. Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған. 

Қазақстандық Жантіл Өмірбай WFA версиясы бойынша әлем чемпионаты титулына таласады. Қарсыласы - Беларусь боксшысы Руслан Родзивич. 

Сондай-ақ, турнир аясында Санкт-Петербургтің жас боксшысы Эдгард Москвичев жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы ростовтық Аликлыч Канболатов өз кезегінде 20-дан аса кәсіпқой жекпе-жекті еңсерген. 

Қазақстандық белгілі нокаутшы Али Балоев әзербайжандық Гулхусейн Агазадамен жұдырықтасады. Гулхусейн осыған дейінгі жекпе-жектерінде қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп шыққан.

Өзбекстаннан келген Дилмуроджон Бозорбоев грузиндік боксшы Рубен Мовсесянмен жұдырықтасады. 

Ресейден Александр Костромин мен Сергей Белошапкин жекпе-жекке шығады. Қос боксшының күші 6 раунд бойы сыналады. 
Бұл кеште қазақстандық Мұхит Аманбаев кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне шығады. Қарсыласы - өзбекстандық Исломжон Хужаев. Ол кәсіпқой бокста 6 кездесу өткізген. 

Ресей атынан тағы қос боксшы алғаш рет жекпе-жекке түседі. Олар санкт-петербургтік Влад Степанов пен оған қарсы Тольятти қаласынан Вахид Аббасов шығады. Оларды 4 раундтық тартыс күтіп тұр. 

Соңғы жұптың есімдері әзірге белгісіз. Бірақ оның біреуі Қазақстаннан екені анық. Бұл жұпты Ресей мен Европадағы үздік ринг-анонсер Александр Загорский хабарлайды. Басты оқиғаның ұйымдастырушысы - аты аңызға айналған боксшы, Юлия Куценконың промоутері кіші Рой Джонс. Кеш 8 қыркүйек күні Санкт-Петербургте А2 аренасында өтеді.