Санкт-Петербургте Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында, Санкт-Петербургте Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов салтанатты шарада сөз сөйлей отырып, «біз тек батыр отандасымызды еске алып қана қоймай, Екінші дүниежүзілік соғыстағы барлық батырларға, соның ішінде Ленинград қорғаушыларына құрмет көрсетіп отырғанымызды» атап өтті.
«19 жастағы Әлия үздіктердің бірі болды. Ол снайперлік қаруынан 78 фашистің көзін жойып қана қоймай, өзінің жастық шағы мен өмірін барлығымыздың ортақ Отанымыз үшін қиды», - деді елші.






