Санкт-Петербургте қазақстандық авангард негізін салушының көрмесі ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санкт-Петербургте Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі заманауи өнердің «Эрарта» музейінде Молдақұл Нарымбетовтің «Көк немесе жасыл-көгілдір фондағы қара құйындар» көрмесін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрме суретшінің 70-жылдығына арналады және «Жаһанданған әлемдегі Қазақстанның заманауи мәдениеті» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылады. Көрмеде шебердің 1989-2009 жылдар арасында жасаған туындылары экспозицияланады. Олардың арасында көркем сурет, инсталляция, мүсін, сол сияқты суретші өткізген перфоманстар мен акциялардың мұрағаттық видеолары бар.
Көрмені ашқан Бас консул Болат Иманбаев «қоғам дамуының басты көрсеткіші - оның мәдени жетістігі. Біз үшін Қазақстанның жетістіктерін әлемдік деңгейде, айталық Ресейдің мәдени астанасы - Санкт-Петербург секілді қалада жариялау аса маңызды» деді.
Айта кетерлігі, 90 және 2000-жылдардың басында Қазақстанның заманауи өнерін есімдері кейіннен Орталық Азия үшін белгілі болған суретшілер жасады. Олардың арасында Молдақұл Нарымбетов те (1948-2012) бар. Ол қалыптасып үлгерген суретші үшін посткеңестік кеңістік үшін жаңалық болған перфоманс, инсталляция, акция сынды көркемөнер үлгілерін меңгеруге мүмкіндік берген өзінің жарқын даралығымен, ерекше дарындылығымен ерекшеленді.
Молдақұл Нарымбетов кейіннен атауы «Қызыл трактор» деп өзгертілген 1990 жылы Шымкент қаласында құрылған суретшілердің «Трансавангард» бірлестігінің жетекшісі болды. Қызыл тракторшылар батыс өнерінің авангардтық әдістерін шығыс мәдениетінің дәстүрлі өнегелерімен ассимиляциялау мүмкіндіктерін табуға ұмтылды. Олардың көркемдік тұжырымдамаларының негізі үшін Қазақстанның исламға дейінгі ежелгі салттары, шамандық салт-жоралары, сопылық рәсімдері алынды. Шындық пен үйлесімділіктікті іздеген немесе бақсылық әрекеттерімен емдеуге немесе шындық пен ойдан шығарылғанды, өткенді, қазіргіні және келешекті біріктіруге тырысып салт-жораларын жасап, дүниені аралап кезіп жүрген дәруіш шешуші бейнеге айналды.
ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін уақытша атқарушы Л.Кочетов, Молдақұл Нарымбетов мәні терең, өткір және концептуальды жұмыстар жасағанын атап өтті. Оның еңбектері уақытпен үйлесе отырып, сол дәуірдің қайшылықтарын бойына сіңіре білген.
Көрмеде суретшінің басқа да көркем формациялармен қатар батыстық поставангардтың аймақтық көрінісіне айналған «трансавангардтық бақсылық» деген атау алған «Қызыл трактордың» мифтік шығармашылық кезеңін көрсететін белгілі туындылары экспозицияланды.