Санкт-Петербургте мигранттарға бірқатар салада жұмыс істеуге тыйым салынды
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қала билігі шетел азаматтарының дүкендерде, шаштараздарда және фитнес-клубтарда жұмыс істеуіне шектеу қойды. Тиісті жарлық қалалық үкіметтің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Құжатқа сәйкес, жаңа шаралар заңсыз жұмыспен қамтуды азайтуға бағытталған. Шектеулер Беларусь, Қазақстан, Армения және Қырғызстан азаматтарына, сондай-ақ жұмыс істеуге рұқсаты бар шетелдіктерге қолданылмайды.
Компанияларға қызметкерлер санын жаңартылған шектеулер тізіміне сәйкестендіру үшін 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін мерзім берілді.
Бұған дейін Ресейдің солтүстік астанасында шетел азаматтарына курьер және такси салаларында жұмыс істеуге тыйым салынған болатын. Қала әкімшілігі бұл шара қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын түсіндірді.
Санкт-Петербург губернаторы Александр Бегловтың айтуынша, шектеулер ресейлік азаматтарға, ең алдымен жастар мен студенттерге арналған жұмыс орындарын босатуға ықпал етуі тиіс.
Бұған дейін Ресейде еңбек мигранттарының орыс тілін білуіне қойылатын талап қайта қаралуы мүмкін екенін жазғанбыз.