Санкт-Петербургтегі III Қазақстан-Ресей медиафорумы: Ақиқат жалған ақпараттан озық жүруі керек
АСТАНА. KAZINFORM — III Қазақстан-Ресей медиафорумы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі өзекті сын-қатерлерді талқылау және алдағы ынтымақтастық бағыттарын айқындау үшін медиа қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік органдар мен сарапшыларды бір алаңға жинады.
Форумның негізгі тақырыптары қатарында жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың келешегі мен оған төнетін сын-қатер, цифрлық технологияларды қолдану, артық әрі сенімсіз ақпаратпен күрес, медиа саласының кадрлық әлеуетін нығайту және дәстүрлі редакциялардың трансформациясы болды.
ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің басшылығымен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтерілген Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжылдық әріптестік және одақтастық қатынастарды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеуде БАҚ рөлі маңызды екенін баса айтты.
— Бұл биылғы мамыр айында Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған Достық пен тату көршіліктің жеті қағидаты туралы бірлескен мәлімдемеде нақты көрініс тапты. Маңызы зор бұл құжат екі ел қарым-қатынасының ұзақмерзімді бағыт-бағдарын айқындап, экономикадан мәдениет пен білім саласына дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды, — деді Р. Қажыбаева.
Президент Телерадиокешені директорының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары маңызды миссия атқарып отыр — олар екі ел мен халық арасындағы өзара түсіністік, сенім және тату көршілік қатынастарды нығайту жолында кәсіби, байыпты әрі жауапты жұмыс істеп келеді. Өйткені ақиқат әрдайым жалған ақпараттан озық жүруі керек.
— Зияткерлік меншікті қорғау негіздері, азаматтардың цифрлық құқықтарына кепілдік беру, оның ішінде дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңінде күшіне енген жаңа Конституцияда бекітілген. Бұл нормалар медиа саласын, цифрлық журналистиканы және ақпараттық ынтымақтастықты дамытудың заманауи құқықтық негізін қалыптастырады, — деп атап өтті Р. Қажыбаева.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Қазақстан мен Ресейдің медиа саласындағы ынтымақтастығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі — бірлесіп контент өндіру болуы қажеттігін айтты.
— Біздің бүкіл жұмысымыздың басты мақсаты — тарихи, мәдени және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ өзара ықпалдастығымыздың тікелей арнасын сақтауға бағытталуы тиіс. Сол арқылы біз бір-бірімізбен тікелей байланысып, барлық мәселені бірге талқылап, шеше аламыз. Бұл анағұрлым тиімді әрі нәтижелі, — деді Қанат Ысқақов.
Ал ҚР Президенті Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Қанат Құлшыманов Қазақстан мен Ресейдің медиа саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытудың бес негізгі бағыты туралы айтты.
ТАСС агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашов Қазақстан мен Ресейдің кәсіби журналистер қауымы екі ел халықтары арасындағы сенімді нығайтуда және объективті ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— Қазіргі халықаралық ахуалдың күрделі әрі қауіп-қатерге толы екенін ескерсек, кәсіби журналистер қауымының қос мемлекет пен халықтар арасындағы сенімді нығайтудағы, болып жатқан оқиғалардың шынайы көрінісін қалыптастырып, оларға әділ баға берудегі рөлі ерекше. Ал біздің жағдайда журналистер Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, ортақ гуманитарлық және рухани кеңістіктің, қауіпсіз әрі шынайы ақпараттық ортаның қалыптасуына, түптеп келгенде, бауырлас екі халықтың ортақ болашағын құруға нақты үлес қосып отыр, — деді Андрей Кондрашов.
Ол Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту саласындағы жетістіктеріне тоқталып, ЖИ туралы заңның қабылдануын, Цифрлық кодекс әзірлеу жұмысын және осы бағыттағы білім беру жүйесінің дамуын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тәжірибе ресейлік әріптестердің де қызығушылығын тудырады.
III Қазақстан-Ресей медиафорумының маңызы тек медиа саласымен шектелмейді, оның қоғамдық-саяси мәні де зор. Форум қорытындылары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі елдің ортақ ақпараттық кеңістігінде сенім мен өзара түсіністік ахуалын қалыптастыруға ықпал етеді.
Еске салайық, осы алаңдағы алғашқы кездесу 2024 жылғы қарашада Мәскеуде өткен болатын. Бастапқыда қазақстандық және ресейлік журналистердің басқосуы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылмақ болған. Алайда талқылау барысында қатысушылар оның ауқымын кеңейтіп, медиафорум деңгейінде өткізуді ұйғарды. Сондай-ақ бұл іс-шараны тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде келісімге келген еді.