Санкт-Петербургтегі терактіге байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Санкт-Петербургтегі терактіге байланысты қауіпсіздікті күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Санкт-Петербургтегі терактіге байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан соң тілшілерге берген сұхбатында Ұлттық қауіпсіздің комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлім етті.

«Мен жаңа Үкімет отырысында Санкт-Петербургттегі қайғылы оқиға туралы ақпарат жетісімен біз барлық Ұлттық қауіпсіздік департаменттеріне және республика аумағындағы барлық күштік құрылымдарға көлік объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырма бергенімізді баяндаған болатынмын», - деді ол Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Оның сөзінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасында тексеріс режімі қатаңдатылып отыр.

«Әрине, шекарада тексерістер күшейтіледі, Алматы метрополитенінде, көлік нысандары, шекарадағы өткізу бекетттері - барлығында қауіпсіздік шаралары қатаңдатылады. Біз кез келген ақпаратты жедел тексеру шараларын қолға алдық», - деді ҚР ҰҚК басшысының орынбасары.

Н.Білісбеков Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметімен арадағы бірлескен жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар ол Санкт-Петербургтегі терактіге қазақстандық азамат Максим Арышевтің қатысы бар болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.

Еске сала кетейік, 3 сәуірде Санкт-Петербург метросында болған жарылыстан 11 адам қаза тауып, 45 адам жарақаттанған болатын.