Санкт-Петербургтегі терактіге ДАИШ-тың қатысы бар болуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда және Ресейде тыйым салынған ДАИШ лаңкестік ұйымы Санкт-Петербургтегі терактіге қатысы бар болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта ДАИШ аталмыш терактіні өз мойнына алғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
«Олардың идеологиясы - зорлық-зомбылық бағыттағы кез келген оқиғаны өз мойындарына алуға тырысады, сол арқылы өзін-өзі жарнамалап, беделдерін арттыруды көздейді. Бұл ақпарат шындыққа жанаспауы да мүмкін, бірақ нақты осы оқиғада олардың қатысы бар болуы ықтимал, себебі ДАИШ-тің белгілері байқалады. ДАИШ-пен бірге көптеген лаңкестік ұйымдар ықпалдасқан, үлкенінен бастап, кішісіне дейін», - деді тілшілерге берген сұхбатында Ұлттық қауіпсіздің комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.
Н.Білісбеков Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметімен арадағы бірлескен жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар ол Санкт-Петербургтегі терактіге қазақстандық азамат Максим Арышевтің қатысы бар болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.