Sanofi тобының Орталық Азиядағы бас директоры өзгерді

АЛМАТЫ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Sanofi тобының Орталық Азиядағы бас директоры болып Франк Хамалян тағайындалды.

Sanofi тобының Орталық Азиядағы бас директоры өзгерді

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Sanofi тобы қазіргі таңда Алматыдағы штаб-пәтерімен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Грузия, Армения және Әзірбайжанның аумағында жұмыс істейді. Sanofi тобына 2006 жылы қосылған Ф. Хамалян мырзаның фармацевтикалық индустрия саласында жұмыс істеуде мол халықаралық тәжірибесі бар. Бастапқыда Sanofi-дің Парижде орналасқан штаб-пәтерінде Африка - Орта Шығыс - Латын Америкасы - Еуразия құрлықаралық аймағы бойынша әкімшілік басшысы болған ол, 2010 жылы Орталық Америкадағы және Кариб өңіріндегі 20 елдің аумағында компанияның қызметіне жетекшілік ете отырып, Sanofi-ді сол өңірдегі нарықтың көшбасшылығына алып келді. Енді Мароккодағы Sanofi-дің бас директоры лауазымына тағайындалған Хайсам Шрайтенің орнын басып отыр. Париж университетін фармациядағы доктор дипломымен аяқтап, Лиондағы ЕМ бизнес-мектебінің магистр дәрежесін алған Ф.Хамалянның фармацевтикалық индустриядағы мансабы 1997 жылы басталған болатын. Sanofi тобына ауысқанға дейін 6 жыл бойы стратегиялық менеджментте маманданған Arthur D.Little жаһандық консалтингтік компаниясында жұмыс істеді. Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс жасайтын бұл компанияның дүние жүзі бойынша 110 мыңнан астам қызметкері бар. Ол өз қызметінде - вакциналар, рецепсіз босатылатын препараттар, қант диабетін емдеу, инновациялық препараттар, мал дәрігерлігі және сирек кездесетін тұқым қуалайтын ауруларды емдеу, дамып келе жатқан елдердің нарығына белсенді қатысу сияқты 7 негізгі бағыт бойынша алдыңғы орындарға ие.