Санжар Боқаевтың соты: судья қатысушылар мен БАҚ өкілдеріне ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Суд по делу Санжара Бокаева проходит в Алматы
Фото: Kazinform

Судья Жанат Әбенова сот отырысына қатысушыларға сот залындағы тәртіпті түсіндіріп, сот төрелігіне қандай да бір қысым көрсетуге жол берілмейтінін ескертті.

Судьяның айтуынша, сот отырысының ашықтығын сақтау мақсатында БАҚ өкілдері мен тыңдаушыларға арналған арнайы залда тікелей трансляция ұйымдастырылған. Ол дыбыс-бейнежазба және фототүсірілім тәртібі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 345-бабымен реттелетінін айтты. Сот залында ұялы телефон арқылы өзге жазба жасауға және трансляция жүргізуге тыйым салынады.

Жанат Әбенова сот билігінің тәуелсіздігін атап өтіп, соттың тек Конституция мен заңға бағынатынын ескертті. Сондай-ақ іске қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер мен бағалаулар сотқа қысым көрсету ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.

Судья журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларын сот процесін жариялауда жауапкершілік танытып, тексерілмеген ақпарат пен арандатушы мәлімдемелерді таратпауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай жарияланымдар қоғамда іске қатысты біржақты көзқарас қалыптастыруы мүмкін.

Сонымен қатар сот отырысына қатысушылар мен тыңдаушыларға тәртіп бұзып, судьяның талабына бағынбаған жағдайда залдан дереу шығарылатыны, сотты құрметтемегені үшін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 346-бабына сәйкес жауапқа тартылатыны ескертілді.

Еске сала кетейік, Санжар Боқаев биыл наурызда ұсталып, бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Оған қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190, 188, 218, 340 және 274-баптары бойынша қаралып жатыр.