Санжар Мәдиев Атырау облысының киелі жерлері туралы фильм түсіруді ұсынды

Форум жұмысына 150 делегат қатысты. Олардың қатарында жас режиссерлар, операторлар, дəрігерлер, экологтар, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, жас таланттар, студенттер мен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Ресейдің шекаралас облыстарының белсенді жастары бар.
Шара барысында сценарист, режиссер Асқар Бисембин, эколог Лаура Мəлікова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шəріп, актер Санжар Мəдиев сынды басқа да танымал тұлғалар ой-пікірлерін ортаға салды.
Форум қатысушылары Атырау облысының қасиетті орындарына барды. "Қазақстанның киелі жерлер географиясына" енген Сарайшық қалашығына саяхат жасады.
«Бұл аядай жердің өзі ата-баба тарихынан сыр шертетін ғажайып орын. Сарайшық қалашығы жеті бірдей ханның мəңгілік мекені, кинематографтар үшін өте қызықты орын. Мен осы жердің тарихы туралы көркем фильм түсірудің бастамашысы болар едім»,- деп əсерімен бөлісті актер Санжар Мəдиев.
Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев мұндай шараларды өткізудің жас мамандар үшін маңызды екенін атап өтті.
«Жастар үшін өз саласының майталманымен кездесу ой-өрістерінің кеңейіп, жаңа идеялармен шабыттануына жол ашады. Мұндай шаралар облыста жыл сайын дəстүрлі түрде өтеді. Мемлекет басшысы жастарды елдің қоғамдық өміріне тартудың маңызына əркез назар аударып келеді. Тəуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы болашақ үшін қажет жақсы қасиеттерді бойларына сіңіріп өсулері керек», - деді аймақ басшысы.
Жастар экология, медицина жəне киноиндустрия салаларының белгілі тұлғаларымен ашық алаңда ой бөлісіп, өз кеңістіктерін ашып, жастық жігерлерін көрсетуге мүмкіндік беретін əлеуетті тапсырыс берушілермен және инвесторлармен кездесті.