«Саола» супертайфуны Қытайға жақындады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – «Саола» супертайфуны 1 қыркүйекте Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының жағалауына жетеді. Қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды. Бұл туралы Қытайдың Орталық метеорологиялық басқармасынан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Саола» супертайфуны Қытайға жақындады
Фото: pixabay

Метеорологтардың болжамынша, «Саола» супертайфуны солтүстік-батыс бағытта 10-15 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, Гуандун провинциясының шығыс жағалауына және Фуцзянь провинциясының (Шығыс Қытай) оңтүстік жағалау аймақтарына жақындап келеді.

Тайфун 1 қыркүйекте Гуандун провинциясының жағалауына, сондай-ақ Гонконгқа жетуі мүмкін. Қазір оның ошағы Гуандун провинциясының шығыс жағалауынан оңтүстік-шығысқа қарай 485 шақырым жерде орналасқан. Тайфунның орталық бөлігінде желдің жылдамдығы – 62 м/с.

Қытайдың Орталық метеорологиялық басқармасы Гуандун және Фуцзянь провинцияларының билігіне қажетті алдын алу шараларын қабылдауды ұсынды. Ашық жерде бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады, ал теңіздегі кемелерге порттарға оралу бұйырылады. Гонконг метеорологиялық қызметі де «Саола» тайфунының жақындауына байланысты ауа райының қауіпті деңгейін арттырды.