Сапалы қызмет - жолаушы қауіпсіздігінің кепілі

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта еліміздегі жолаушылар вагонының тапшылығы 450 бірлікті құрайды.

Сапалы қызмет - жолаушы қауіпсіздігінің кепілі

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған.

Ведомствоның атап өтуінше, демалыс маусымы мен жазғы каникулдың басталуымен темір жол көлігіндегі жолаушылар ағыны бірнеше есеге артты. Соның себебінен аталған кезеңдегі айтарлықтай өзекті мәселе тасымалдау үдерісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жолаушыларға сервистік қызмет көрсету болып отыр.

Қазіргі уақытта республикада барлығы үш мыңнан астам жолаушылар пойызы тіркелген. Соған қарамастан бүгінгі күні жолаушылар вагонының тапшылығы шамамен 450 вагонды құрайды. Сонымен қатар, жолаушыларға сервистік қызмет көрсету деңгейінің жеткіліксіздігі, жолаушылар вагоны паркінің санитарлық-техникалық жай-күйінің нашарлығы сияқты проблемалар да бар. 2010 жылы жазғы маусымда ғана ҚР Көлік және коммуникация министрінің блогына жолаушылар пойызындағы сервистік қызмет көрсету мәселелері, жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау ережесі талаптарының орындалмауы, сондай-ақ пойыз бригадаларының өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерін орындамайтыны туралы азаматтардан шамамен 100 өтініш келіп түсті.

ҚР темір жолдарын техникалық пайдалану ережесі талаптарына сәйкес жолаушылар пойызының құрамына жолаушыларды тасымалдаудың тиісті талаптарына сай емес желдеткіштің ақауы бар вагондарды енгізуге тыйым салынады. Алайда, жазғы тасымалдау кезеңінде тасымалдаушылар жоғарыда көрсетілген ережелердің белгіленген талаптарын орындамайтыны жиі кездесетін жағдайлар. 2010 жылғы жазғы кезеңде көліктік бақылау органдары жүргізген тексерістер кезінде ауаны кондиционерлеу жүйесінің жұмыс істемейтін шамамен 40 вагонды және өрт кезінде дабыл беру жүйесі жоқ немесе мүлде жұмыс жасамайтын 174 вагонды пайдалану анықталды.

Ағымдағы жылы Алматы-Қостанай қатынасындағы №43 жолаушылар пойызы құрамында электр жабдықтарының ақауы салдарынан қозғалыс кезінде вагонның жану, Ақтөбе-Алматы қатынасындағы №34 жолаушылар пойызы құрамындағы вагонның рельстен шығып кету фактілері орын алды. Мұндай оқиғалар экономикалық шығындарды былай қойғанда жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Жазғы тасымалдардың басталуына байланысты ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов жолаушылар пойыздарында сервистік қызмет көрсету деңгейін арттыру, сондай-ақ темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігінің сапасын арттыруға бағытталған нақты іс-шараларды іске асыруды тапсырды.

Атап айтқанда көліктік бақылау органдары жеке меншік тасымалдау компанияларының қауіпсіздік талаптарын мұқият сақтау және көлік қызметін көрсету кезінде сервистік қызмет көрсету сапасына тексеру жүргізуді жоспарлауда. Оның ішінде жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі технологиялық үдерістерді сақтамау фактілерін жою тапсырылды.

Аталған іс-шаралар Қозғалыс қауіпсіздігі, Жолаушылар тасымалы мониторингі департаменттері және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Вагон шаруашылығы департаменті өкілдерінің қатысуымен бүкіл республика бойынша алдағы ай бойы өткізілетін болады.