Сапархан Омаров астық бағасын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі уақыттағы астық бағасын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Кейінгі уақытта ақпарат құралдарында астық бағасының көтерілуі, өңдеуші кәсіпорындардағы астық тапшылығы орын алып отырғандығы, соның салдарынан нан бағасының қымбаттауы жөнінде көптеген ақпарат тарап жатыр. Өткен жылдың соңынан осы жылдың басына дейін астық бағасының жоғарылауы байқалды. Оны бәріміз білеміз. Астық бағасы тоннасына 75 мың теңгеге дейін жетті. Бұл Орталық Азияда, Иранда және әлемдік нарықта астық бағасының жоғарылауына байланысты болды. Бұған біз бір жағынан қуануымыз керек. Өйткені, біздің астық өндірушілеріміз астығын жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмыстарды өткізуге қаражаттарын алып отыр", - деді министр.
Дегенмен, оның айтуынша, соңғы екі апта ішінде астық бағасы түсе бастады. Бүгінде 1 тонна астық бағасы 64-67 мың теңге болып тұр.
"Бұл астық сапасына байланысты. Қазіргі кезде министрлікте астықтың сатылу сызбасы электронды түрде жүргізіледі. Ол үшін астық қолхаттарын ұстаушылар бар. Электронды сауда жасау алаңдары құрылған. Бүгінде Қазақстандағы 100 пайыз астық сату шарттары электронды алаңда жүргізіледі", - деді С.Омаров.