Сапархан Омаров құс етімен толықтай қамтамасыз ету мерзімін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету бағытында құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміздің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фабрикаларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуаттылықтарын кеңейту есебінен 2023 жылдың соңына дейін іске асырылатын болады. Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен 177 млн АҚШ долларын немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді, олар қазір валюталық түсім түрінде басқа елдерге кетуде», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, аталған міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылатын болады. Бұл ішкі нарық қажеттілігін толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді.

«Жоғарыда аталған 13 инвестициялық жобаны іске асыру үшін қосымша 147 млрд теңге, оның ішінде 69 млрд теңге кредиттік ресурстар қажет етіледі. Жобаларды табысты іске асыру үшін мынадай мәселелерді жедел шешу қажет: инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу, құс етін өндіруді субсидиялауға және инвестициялық субсидияларға қаражат бөлу, құс еті импортына арналған тарифтік квоталарды бөлу тетігін өңдеуші кәсіпорындардың пайдасына өзгерту, азық өндіру үшін жер бөлу», - деді С. Омаров.


Соңғы жаңалықтар
telegram